$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарғалы су қоймасы күрделі жөндеуден өтеді

12.11.2025ж. 10:00
Қарғалы су қоймасы күрделі жөндеуден өтеді
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

 «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті Қарғалы су қоймасын реконструкциялау жобасына арналған жобалау-сметалық құжатты әзірлеуді бастады,-деп хабарлайды Astana TV. 
Су ресурстары және ириигация министрлігінің ақпаратынша, бұл жұмыс келесі жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов кәсіпорынның 2025 жылдың басынан бері атқарған жұмысы туралы есебін тыңдады. Құрылыс-монтаж жұмыстары жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін, 2026 жылы басталады деп жоспарланған.

Реконструкция барысында Қарғалы су қоймасының ескірген барлық механизмі ауыстырылады, олардың кейбірі 50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Сонымен қатар гидротехникалық нысандарға энергия қамтамасыз ету үшін шағын су электр станциясы орнатылады. Ал артық энергия жергілікті кәсіпкерлікті және көрші елді мекендерді қамтамасыз ету үшін қолданылады.

– Бұл жоба Ақтөбе облысындағы үш ірі су қоймасын жаңғырту бойынша кешенді жұмысты аяқтайды. Былтыр Ілек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасы 36 жылдан кейін алғаш рет жөндеуден өтті, ал Сазды су қоймасының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Қарғалы су қоймасында қазіргі кезде кіреберіс жол төселіп, бөгеттің беті бетондалып жатыр, жарық шамдары ауыстырылып, қосымша бейнебақылау камералары орнатылуда. Бұл жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқталады, – деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Ринат Шауенов.

Қарғалы су қоймасы 1975 жылы пайдалануға берілген. Оның сыйымдылығы 280 миллион текше метр суға дейін жетеді.