Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі былтырдан бері егіс алқаптарының көлемі екі есе артқанын хабарлады,-деп хабарлайды Astana TV.
Яғни, бір ғана майлы дақылдар алқаптарының аумағы былтыр 34,9 мың гектар болса, биыл 43,1 мың гектарға жетті.Соның нәтижесінде, өңір басшылығы дүкендерде қарағандылық ауыл шаруашылық өнімдерінің санын арттыруға мүдделі.
Нұра ауданында жылына 9 мың тонна сүт өндіретін ферма ашылған. Ал Бұқар жырау ауданында жылына 200 тонна сүт өңдейтін зауыт іске қосылды. Бұған қоса, Осакаров ауданында салынып жатқан сүт фермасы жылына 55 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.
«Азық-түлік өндірісіне тартылған инвестиция 9 айда 2,6 есеге өсіп, 7 млрд теңгені құрады. Бағаны тұрақтандыруға 2,8 млрд теңге бөлінді. Бағаны тежеу үшін жергілікті өндірушілермен форвардтық келісімдер жасаймыз, наубайхана кәсіпорындарын қолдап, әлеуметтік павильондар ашамыз, онда фермерлер тегін сауда орнын ала отырып, өз өнімдерін тікелей сата алады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Бұл салада ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жоқ емес. Қазірдің өзінде экспортқа шыға бастаған қарағандылық сүт өнімдері бар. Әкім Бөлекпаев бие мен түйе сүтінен қоспа шығаратын «Саумал Биотех» отандық кәсіпорынның жұмысын айрықша атап өтті. Былтырдан бері компания 200 кг бие сүті өнімін АҚШ-қа экспорттаған, қазір Қытаймен әріптестік орнату үстінде.
Мұның бәрі –ауыл шаруашылығын дамытуға ден қойып, бұл салаға арналған инвестицияны екі есе арттырудың жемісі. Биыл агроөндіріске 44 млрд. теңге салынған. Алдағы уақытта 47 млрд. теңгеге 31 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу, нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етумен қатар азық-түлік бағасын өсірмей ұстап тұруға да көңіл бөлінеді.
Тағы бір жаңалық – әкім фермерлер өндірген өнімін өздері сататын әлеуметтік павильондар ашылып жатқанын да жеткізді. Мұндай павильондар араға делдал салмай-ақөндіруші мен тұтынушы тікелей сауда жасайтын орынға айналады.
«Қалауын тапса, қар жанар». Қарағандылық агроөнімдер «Made in Qazaqstan» брендін басқа елдерге таныта бастады, қажырлы еңбек пен нақты қолдаудың арқасында халықаралық нарықта ойып тұрып орын алатын күн алыс емес.