Қарағанды облысы ел аумағында жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткішін сақтап тұр,-деп хабарлайды Astana TV
2023-2024 жылдары 4,1% болса, биылғы 10 айдың көрсеткіші – 4%. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте берген есебіне жүгінсек, мұндай көрсеткіш сан-салалы жүйелі түрде атқарылған шаралардың жемісі.
Жұмыссыздықты жоюдың ең тиімді тәсілі – жаңа жұмыс орындарын ашу, оған қажетті кәсіби мамандар дайындау, былайша айтқанда, «екі қолға бір жұмыс беру» екені белгілі. Сондықтан өнеркәсіпте жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашумен қатар өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл тұрғыда, облыс алғашқылардың бірі болып бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға төмендетті. Әкім Бөлекпаевтың айтуынша, осы шешімнің жемісі байқалады. Қазірдің өзінде салық төлеушілер қатары 4 мыңға жетті, яғни 30 есе өскен. Жыл басынан бері арнаулы салық режимі бойынша бюджет қоржынына 5,6 млрд. теңге салық түскен. Осындай нақты көрсеткіштерге сүйене отырып, облыс әкімі жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін де жергілікті мәслихаттарға қолданыстағы салық мөлшерлемесін 2% көлемінде ұстап тұруды ұсынатынын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, биылдың өзінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға өңірде 14,5 млрд. теғге бөлінген. Отандық кәсіпкерлерге сауда-саттық жасауды барынша ыңғайлы ету мақсатында бұл салаға цифрлы технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Оның бір мысалы, қыркүйек айында іске қосылған Teezмаркетплейс атты электронды сауда платформасы. Оның аясында жылына 600 мың тапсырыс орындауға болады.
Облыс басшылығы жыл соңына дейін ішкі сауда көлемін 5,6 трлн. теңгеге жеткізіпті, республика бойынша 4-орынға шығуға ниетті. Жалпы, 10 айдың нәтижесінде облыстың экономикалық өсімі 5,3%-ға жеткен, әкімнің айтуынша, ауқымды шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 7%-ға жеткізу жоспарланып отыр.