$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Тұмау мен ЖРВИ көрсеткіші төмендеген

12.11.2025ж. 15:25
Тұмау мен ЖРВИ көрсеткіші төмендеген
фото: pixabay

Биыл елімізде жедел респираторлық вирусты инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты деңгейде,-деп хабарлайды Astana TV.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты. 

- Жыл сайын елімізде 4 миллионға дейін ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау тіркеледі. Бұл қалыпты құбылыс екенін атап өткім келеді. Министрлік тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайды апта сайын бақылауда ұстайды. Қазіргі уақытта ел аумағындағы ахуал күзгі-қысқы кезеңге тән эпидемиологиялық процесс шеңберінде дамып келеді, – деді С. Бейсенова.

Оның айтуынша, биылғы жылдың қыркүйегінен бастап 1 278 745 ЖРВИ жағдайы тіркелген, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 19%-ға төмен (2024-2025 эпидемиялық маусымында – 1 521 680 жағдай). 14 жасқа дейінгі балалар арасында 848 761 жағдай тіркеліп, бұл жалпы сырқаттану жағдайының 66,4%-ын құрап отыр.

Сонымен қатар биыл 30 қазан мен 5 қараша аралығында республика бойынша 150 605 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Эпидемиялық маусымның басынан бері А (H3N2) типіндегі тұмаудың 304 зертханалық расталған жағдайы анықталды, оның ішінде 173 жағдай (57%) – 14 жасқа дейінгі балалар арасында.

- Биыл тұмау вирусының айналымы өткен маусыммен салыстырғанда ертерек басталды. Егер өткен жылы алғашқы жағдайлар қараша айында тіркелсе, биыл қазан айының басында анықтала бастады, – деді комитет төрағасы.