$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан-Ресей өңіраралық форумы: 23 мың жаңа жұмыс орны ашылады

12.11.2025ж. 19:00
Қазақстан-Ресей өңіраралық форумы: 23 мың жаңа жұмыс орны ашылады

Көрші мемлекетпен арадағы серіктестік қарым-қатынас тек экономикамен шектелмейді. Гуманитарлық және ғылыми-мәдени байланыс нығайып, тың технологияларды дамытуға жол ашылады.    

Өңіраралық форум аясында жұмысшы мамандықтар жылына арналған көрме болды. Отандық ірі компаниялар мен оқу орындары тың технологиямен жасаған стартаптарын ұсынды. Келушілердің көңілінен шыққан көп техниканың бірі - робот-ит. Темір төбетті тәртіп сақшыларына қолғанат қылумен шектелмей, түрлі затты тасымалдауға болады.

МАРС РИНАТ, М.ТЫНЫШБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЛОГИСТИКА МЕН КӨЛІК АКАДЕМИЯСЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Қазір ұшатын дрондармен қатар, суасты роботтарын құрастыруға кірістік. Өйткені суқоймалардың түбі түрлі қоқысқа толы. Сайран көлі мен Қонаев суқоймасының түбін зерттегенде осыған көз жеткіздік. Енді жергілікті әкімдіктермен бірге студенттеріміз осы іспен айналысады.

Үш жылда Батыс Қазақстан облысының Ресеймен сыртқы сауда айналымы 2 млрд АҚШ долларынан асқан. Осы өңірдегі шетелдіктердің қатысы бар 2 мыңнан астам компанияның жартысы - ресейлік кәсіпорын. Арадағы алыс-берісті күшейту үшін логистиканы әлі де дамыту керек.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Сырым шекара бекетіне біз қазір реконструкция жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар 2026 жылы Тасқала шекара бекетіне де осындай реконструкция жүргізетін боламыз. Бұл не береді? Екіжақты сауда және экономикалық қарым-қатынастарды нығайту. Міне, осы жағдайды толық жасап бітіретін болсақ, екі мемлекеттің сауда-экономикалық байланысы нығаяды.

Форум 20 жылдың ішінде экономика мен өнеркәсіптен бастап ғылым мен мәдениетке дейінгі екі ел арасындағы стратегиялық диалог пен практикалық ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналды. 2003 жылдан бері екі тарап ауқымды шара аясында 300-ден аса келісімге отырған.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Біз өзара сауданы 30 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазірдің өзінде құны 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 30 жоба іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бұл жобалар энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.

Қазақстандық мамандар мен өнімдерге сұраныс артқанын ресейліктер де жасырмайды. Мұнай мен газ ғана емес, ауыл шаруашылығы саласында да байланыс нығайған.

РЕНАТ ҚАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ-КРЕДИТТІК АГЕНТТІГІНІҢ РФ АЙМАҚТЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір қазақстандық өнімдерге сұраныс жоғары. Бұған әлемдегі күрделі ахуал да әсер етті. Мысалы, Ресейден кеткен өндірушілерді қазақстандық өнімдер алмастырды. Бұған дейін сапасы жоғары деп қазақстандық азық-түлікті көп алдыратын. Енді тұрмыстық химия, шикізат, ауыл шаруашылығы мен арнайы техникаларға да кезек келді.

Бүгінде екі мемлекет те дуальды және кәсіптік білім беру бағдарламаларын дамытуға ден қойған. Көрші елдің жоғары оқу орындарында 55 мыңдай қазақстандық студент білім алып жатыр. Ресейдегі шетелдік студенттер саны бойынша Қазақстан бірінші орында тұр.