$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«ЭЦҚ арқылы жүкті әйелдердің атынан 217 млн теңге ұрланған», - депутат

12.11.2025ж. 19:00
«ЭЦҚ арқылы жүкті әйелдердің атынан 217 млн теңге ұрланған», - депутат

Енді әлеуметтік желіге кіру жасы шектеледі. Заң қабылдады. Бірақ, әзірге, біздің елде емес, шетелде. Мұны естіген біздің депутаттар да балалардың телефон ұстауына тыйым салатын норма қабылдана ма деп бас көтерді. Қазір елде  ТikTok  пен Instagram-ға тіркелу ата-ананың рұқсатын қажет етпейді. Депутаттар бұл ұрпақ болашағы үшін қауіпті екенін айтып, даурықты. Цифрлық кодексті әзірлеген жауаптылар халық қалаулыларының бұл сұрағына қалай жауап берді? Жалпы, вертауалды әлемді реттейтін заң жобасы нені көздейді? Аружан Задабек рет-ретімен айтады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін смартфонмен тұрып, смартфонмен жатады. Бүгінгі заман бар тірлікті телефонға телміріп отырып, шешуге бейімделген. Қарапайым азық-түлікті онлайн алудан бастап, маңызды құжаттарға қол қоюға дейінгі әрекет бір құрылғы арқылы реттеліп отыр. Мұның жаманы жоқ дейсің ғой, бірақ, осы жәшікте тіркелген сіздің жеке дерегіңіз желіде желдей есіп, тарап кетпесіне кім кепіл? Ал, егер өзгенің қолына түссе кемінде кредит рәсімдеп үлгереді. Бұл бер жағы. Арғысын айтсақ, қылмыстық іске ұласуы мүмкін.  Енді Мәжіліс адамдардың өздеріне ғана тиесілі ақпаратын сақтауды мақсат қылып отыр.

Қауіпсіздік дегенде ойға бірінші балалар түсетіні белгілі. Оң-солын білмейтін бүлдіршін  түгілі, үлкендердің өзі желідегі ақпараттың ара-жігін ажырата алмайды. Осыдан кейін 5-6 жасынан бастап тик-ток пен инстаграмға ата-анасының рұқсатынсыз тіреліп жүрген перзенттерді не күтіп тұрғанын пайымдай беріңіз. Қазір киберқауіпсіздік мәселесі ине үстінде тұр дейді депутаттар. Сол үшін әлеуметтік желіні қолдануға жас шектеуін енгізе аламыз ба деп сауал жолдады. Бірақ, әзірге, министрліктің оны қолға алуға құлқы жоқ.

ДМИТРИЙ МУН, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қазір керісінше әлем түрлі ресурстарды пайдалану қолжетімді болатын бағытқа кетіп бара жатыр, бірақ оларды қолдану шектеулі болуы керек. Яғни белгілі бір контентті шектеу керек, бірақ дамуды тоқтатпау керек. Бұл мәселеде біз осы бағытта жұмыс істейміз.

Депутаттардың қауіпсіздік мәселесіне қайта-қайта шүйлігуі бекер емес. Бұған дейін 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткені айтылған еді. Жабық каналдар арқылы тараған мәліметтердің ішінде азаматтардың толық аты-жөні, туған күні, жынысы, азаматтығы, телефоны мен мекен жайынан бөлек, Жеке сәйкестендіру нөмірі де бар. Мәжілісте қаралған «Цифрлық кодекс» осы мәселені реттеуге бағытталған. Енді eGov сияқты мемлекеттік цифрлық жүйелерге «ұлттық объект» мәртебесін берілуі мүмкін. Бұл деректердің жеке меншікке, басқа елге сатылып кетуінен қорғайды.

ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Электронды цифрлық қолтаңбаның жұмысын күшейтеміз. Елімізде алғаш рет цифрлық егемендігінің негізін құрайтын ұлттық цифрлық объектілер ұғымы бекітілмекші.Кодекс жобасы кез келген мемлекеттік немесе ірі цифрлық жүйенің жұмыс сапасын үш түрлі тексеру арқылы қадағалап отыруды көздейді.

Электрондық цифрлық қолтаңбаға қатысты да мәселе көп. Елде цифрландыру саласы дамығалы құжаттарды онлайн рәсімдеу мүмкіндігіне ие болдық. ЭЦҚ-ны қолданып, кез келген құжатқа қашықтан қол қойып жүрміз. Бірақ депутаттар мұнда шикілік көп дейді. Соңғы үш жылдағы барлық электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеруді талап етіп отыр. Бекер емес. Бір ғана Шымкенттің өзінде жүкті әйелдердің атынан 217 млн теңге ұрланған.

АЛЕКСАНДР ДАНИЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ПАЛАТА МҮШЕСІ:

Біз цифрлық технологиялар дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ сонын бәрін ретке келтіріп, қорғайтын арнайы жүйе болмады. Бүгін депутаттар осыны талқылады. Жан-жақты зерделеді. Біз осы норма арқылы жаңа технологияларды дамытамыз әрі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

Электронды цифрлық қолтаңба бұрынғыдай ресми құжаттарға қол қоюдың жалғыз заңды құралы ретінде сақталады. Тек ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Енді жеке тұлғаны растау жүйесі күшейіп, саусақ ізі, бет бейне, дауыс заң жүзінде қолданылады. Сондай-ақ  «цифрлық дәлел» және «цифрлық делдал» ұғымдары енгізіледі. Осы арқылы Yandex Go, Glovo, Kaspi сияқты маркетплейстердің жұмысы реттеледі. Яғни, онда тіркелген сіздің деректеріңіз толық сақталады. Бастысы, телефондағы деректердің барлығы заң жүзінде мүлік ретінде мойындалатын болды.