$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарағанды облысында әлеуметтік сала басты назарда

Қарағанды облысында әлеуметтік сала басты назарда

Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі небәрі 4 пайыз. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты. Өңірде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлінеді. Ал жыл соңына дейін жергілікті тұрғындар толығымен таза ауыз сумен қамтылады.  

Барлық-дерлік көрсеткіштер бойынша Қарағанды облысы алдыңғы қатарда. Өңір әсіресе әлеуметтік салаға, халықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән береді. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жастардың спортқа толыққанды бет бұруына жағдай жасалуда. Ең бастысы, ауылдық елдімекендерді сапалы медициналық қызметпен қамту үшін атқарылып жатқан шара көп әрі өз жемісін берген.

ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы түрінде қолдау көрсетеміз. Қаржыландырудың жалпы сомасы 419 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап медицина қызметкерлеріне 250 пәтер берілді.

Қарағанды кен орындарымен белгілі. Бір ғана Қарметте 14 мың адам қызмет етеді. Сондықтан, еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың әл-ауқаты ерекше  назарда.

ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бірінші кезекте, кәсіпорындағы өндірісті цифрландыру және модернизациялауды басты мақсат етіп белгіледік. Өз жемісін беріп жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Жаңа комбайндар келіп, пайдалануға берілді. Кеншілермен жиі кездесіп тұрамыз. Өтініш-тілектерін дер кезінде орындауға тырысамыз. Себебі, ол мамандардың жұмыс орындары заманауи әрі қауіпсіз болуы тиіс.

Облыс  экономикасын әртараптандыруды  да ұмытпақ емес. Жасанды интеллектке негізделген стартаптар, атап айтсақ, Қарағанды қаласында кеңінен қолданыла бастады. Кейбірі өз қызметтерін АҚШ-қа экспорттауды жоспарлап отыр.