$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктес"-Президент

12.11.2025ж. 18:14
"Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктес"-Президент

Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Форумға екі елдің нәтижелі стратегиялық серіктестігін айшықтайтын айтулы шара ретінде баға берді.

«Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатады.Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады»,-деді.

Мемлекет басшысы Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін, сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келе жатқанына тоқталды. 

Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз миллиардқа жуық инвестиция құйды.Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді.Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын»,-деді Президент. 

Президент жұмысшы мамандық иелері екі елдің экономикалық өрлеуіне орасан зор үлес қосатынына назар аударды.

«Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл жұмысты қорытындылаймыз.Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық.Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр»-деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанына назар аударды.

«Өркениет көші ілгерілеген сайын еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді.Мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі елдеріміздегі өнеркәсіп өсімі мен технологиялық жаңғыруға негіз болады. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан кәсіби кадрларды даярлау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз»,-деп атап өтті. 

Бұл ретте Президент жақында елімізде жасанды интеллектіні техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізудің тұжырымдамалық негізі бекітілгенін жеткізді.

Президент атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие екенін айтты. 

«Қазақстан «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен бірінші атом электр стансасының құрылысына кірісті.Технологиялық әрі ғылыми тұрғыдан күрделі бұл жобаны табысты жүзеге асыру жоғары санатты кәсіби мамандарға тікелей байланысты.АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады.Сонымен қатар бейінді мамандарға сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие.
Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз.Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының ашылуы – соның айқын дәлелі»-деді. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстандағы университеттердің көпшілігімен серіктестік орнатқан.

«Екі елдің жоғары оқу орындары арасында қос дипломды бағдарламаны және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруды қарастыратын 1453 келісімшарт жасалған. Қазақстанда Ресей университеттерінің тоғыз филиалы табысты қызмет істеп жатыр. Онда төрт мыңға жуық студент білім алады. Әсіресе, құрметті Владимир Владимирович, сонау 2001 жылы Сіздің тікелей араласуыңызбен ашылған Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын айрықша атап өтуге болады.Сонымен қатар Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының бөлімшесі жұмысын бастады. Ресейде Қазақстан университетінің алғашқы өкілдігінің ашылуы біз үшін елеулі уақиға болды. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жемісті жұмыс істей бастады»,-деді.