$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Әзербайжандық үшем мен қырғызстандық егіз түркістанда қазақ тілін үйреніп жүр

13.11.2025ж. 12:00
Әзербайжандық үшем мен қырғызстандық егіз түркістанда қазақ тілін үйреніп жүр

Әзербайжаннан келген үшем – Зехра, Эсра және Лала Азизовалар мен Қырғызстаннан келген егіз – Батма және Зуура Акканалиевалар қазақ тілін үйреніп жүр,-деп хабарлайды Astana TV. 

Олар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алады. Қазақ тілін үйренуді бастағандарына небәрі бір ай болса да, тыңдаушылар еркін сөйлеп, өз ойларын қазақ тілінде жеткізе алады. Дайындық орталығында оқу орданың ішкі гранты негізінде Түркі мемлекеттерінен келген жастар білім алып, қазақ тілімен қатар түрік және ағылшын тілдерін де меңгереді.

«Қазақстанда жоғары білім алуды таңдауымызға бірнеше себеп бар. Ең бастысы – түркі елдерінен келген студенттермен танысып, ортақ мәдениетіміз бен тарихымызды тереңірек танығымыз келді. Сондай-ақ түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында білім алу біз үшін үлкен мәртебе», – дейді студенттер.

Оқытушылардың айтуынша, білім алушылардың жаңа тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен ынтасы жоғары. Үшем мен егіз қыздар Дайындық орталығын аяқтағаннан кейін өз қалауына сай мамандықтар бойынша білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Біздің түр-сипатымыз ұқсас болғанымен, таңдаған мамандығымыз әртүрлі. Біріміз – психолог, біріміз – дәрігер, енді біріміз мұғалім болғымыз келеді», – дейді үшем.

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дайындық орталығында қазіргі таңда түркі мемлекеттерінен келген 296 тыңдаушы бар. Олар бір жыл көлемінде тілдік дайындықтан өтіп, қорытынды емтихан нәтижесінде таңдаған мамандығы бойынша оқуын жалғастырады.