Қарағандыда такси жүргізуші 4 жасар баланы алып кеткен. Шағымданушының арызына сүйенсек, ол көлікке бір есіктен баласын отырғызып, келесі жағынан қолындағы 1 жасар сәбиімен өзі отыруға ұмтылғанда, көлік жүріп кетіпті. Әйел жүргізушіге қоңырау шалады, артынан жүгіреді, тоқтамайды. Тек полиция арқылы автокөлік иесі хабарласқан соң таксист жұмыс берушісіне жауап берген. Алайда баланы ұрламағанын айтқан көрінеді. Бүлдіршін дін аман. Сондықтан оған қатысты жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін ғана әкімшілік іс қана қозғалды.
ЖАНСАЯ ЖҮНІСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД АСБ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдады. Автокөлік иесі анықталып, ол такси жүргізушісімен байланысқа шыққан. Жүргізуші жолдың бір бөлігін жүріп өткен соң ғана артқы орындықта ересек адамның ілесіп отырмаған баланы байқап, дереу кері оралып, қызды анасымен қауыштырды.
Ал такси компаниясы жүргізушінің аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді.
Жүргізушінің рейтингі жоғары, бұған дейін шағым түспеген. Істі полиция қарап жатыр. Баланың анасы сұқбат беруден бас тартты. Алайда ол таксистің баласын алып кетпек болғаны туралы әлеуметтік желіге жазды.