Ақтөбеде 10 жастағы оқушы мектеп ауласында жарақат алып, қолын сындырды. Баланың анасы оны жоғары сынып оқушысы ұрып-соққанын айтады.Айтуынша, бала достарымен футбол ойнап жүрген. Сол сәтте жоғары сынып оқушылары келіп, кіші балалардан алаңды босатуды сұраған көрінеді. Сол кезде Айсултанды біреуі итеріп, бірнеше рет тепкен дейді. Салдарынан 5-сынып оқушысының қолы сынған. Мектеп басшылығы мұны әдейі жасалған әрекет емес, кездейсоқ соқтығысу деп түсіндіріп отыр.
АҚЖАН КӘРІМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біз камераны қарадық, онда балалар түйісіп қалған, деп жылы жапқылары келіп отыр осы уақытқа дейін. Ал түйіскенде мен ойлаймын баланың қолы ондай дәрежеде сынбайды. Талабым-іс жүргізілсін.
Күдіктінің ата-анасы баласына дұрыс тәрбие бермегені үшін жауапқа тартылмақ. Полиция қылмыстық іс қозғады.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Кәмелетке толмағанға орташа ауырлық дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып тергелуде. Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда және осыған қатысты бар тұлғаларды анықтау бойынша шаралар қабылдануда.