$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы мен Шымкентті байланыстыратын төрт жолақты күре жол толық іске қосылды: «Ұзынағаш – Отар» тасжолы пайдалануға берілді

14.11.2025ж. 15:40
Алматы мен Шымкентті байланыстыратын төрт жолақты күре жол толық іске қосылды: «Ұзынағаш – Отар» тасжолы пайдалануға берілді

Алматы облысында 42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» жолы пайдалануға берілді,-деп хабарлайды Astana TV

Аталған жолдың іске қосылуымен магистралді жаңарту толығымен аяқталды. Енді Алматыдан Шымкентке дейінгі жол толық төрт жолақты болып, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы болмақ.

Ашылу салтанатына ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев және өңір ақсақалдары қатысты. Рәсімде қозғалысты бастау батырмасы басылып, жаңа жол арқылы алғашқы болып 15 көліктен тұратын автоколонна жүріп өтті.

Биыл біз ел бойынша 13 мың шақырым жолда жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу арқылы рекордтық нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – Мемлекет басшысының қолдауы мен жол саласының қызметкерлерінің күнделікті атқарып жүрген ерен еңбегінің арқасы. Олар азаматтар үшін қауіпсіз, әрі ыңғайлы жолдар салып, өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуда», – деді іс-шара барысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Сонымен қатар жолды ашу салтанатының аясында жобаны іске асыруға ерекше үлес қосқан жұмысшылар марапатталды. Оларға ведомстволық медальдар, Алғыс хаттар және Көлік министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.

Айта кетейік, бүгін ашылған «Ұзынағаш – Отар» күре жолында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылы басталып, небәрі екі жылда толық аяқталды. Жобаға 163 бірлік техника, 290 маман жұмылдырылып, екі асфальт-бетон зауыты мен төрт жол-құрылыс басқармасы жұмыс істеді.

42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» тасжолының ашылуымен Алматы мен Шымкент арасындағы жол толық төрт жолақты болып, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы, әрі қауіпсіз болмақ. Бұл магистральдің өткізу қабілетін арттырып, жол жүру уақытын қысқартады, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартады және өңірлер арасындағы көлік байланыстарын нығайтып, Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық қатынастарды одан әрі күшейтері сөзсіз.