$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Бразилияда обыр диагностикасына арналған қалам алғаш рет сынақтан өтті

16.11.2025ж. 22:36
Бразилияда обыр диагностикасына арналған қалам алғаш рет сынақтан өтті
Фото: Pixabaу

 Бразилияда операция кезінде ісік жасушаларын анықтай алатын бірегей қаламның клиникалық сынақтары басталды,-деп хабарлайды Astana TV Қазақпаратқа сілтеме жасап.
 TV BRICS мәліметінше, өнертабысты 33 жастағы бразилиялық химик Ливия Эберлин жасаған. Қалам портативті және тіндердің молекулалық сигнатурасын оқи отырып, олардың сау немесе қатерлі екенін анықтайды. Мұндай технология хирургке ісіктің толық алынғанына көз жеткізуге мүмкіндік беріп, операцияларды анағұрлым қауіпсіз әрі тиімді етеді.

— Қаламда суға арналған резервуар бар. Құралдың ұшы тіннен молекулаларды жинап, оларды масс-спектрометрге бағыттайды. Ол тіннің қатерлі-қатерсіз екенін анықтайды, — деп түсіндірді Эберлин.

Жүйе жасанды интеллектіні қолданып, молекулалық профильді деректер базасымен салыстырады және нәтижені 90 секунд ішінде шығарады.

Зерттеудің алғашқы кезеңінде 200-ден астам тін үлгілері талданды, олар қатерлі ісікті анықтауда 97% дәлдік көрсеткен. Жалпы клиникалық сынақтар 24 айға созылған, оған 60 пациент қатысқан: олардың 30-ы – өкпе ісігімен, 30-ы – қалқанша безі қатерлі ісігімен ауыратындар.

Бұған дейін технология сүт безі, ми, аналық без және қуықасты безі ісіктерін емдеу кезінде сәтті қолданылған.

Сонымен қатар медициналық диагностика саласындағы әзірлемелер БРИКС-тің басқа елдерінде де белсенді жүргізіліп жатыр: Ресейде қуықасты безі ісігінің ерте диагностикасына арналған жаңа радиофармацевтикалық препарат жасалды, ал Иранда қан қатерлі ісігін жылдам анықтайтын құрылғы әзірленді.