Елімізге Эстония Президенті Алар Карис мемлекеттік сапармен келді. Қос ел өзара сауда-саттықты арттыруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде бизнес өкілдері іскерлік қатынастарды талқылап, бірнеше жоба бастамақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев эстондық әріптесімен жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, өзара серіктестіктің тиімді тұстарын атап өтті.
Құрмет ротасы сап түзеп, екі елдің әнұрандары орындалғаннан кейін Эстония басшысы Қазақстанның мемлекеттік туына иіліп құрмет көрсетті. Қос Президент бір-бірін делегация мүшелерімен таныстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы 30 жылдан асқан достық қарым-қатынасты тереңдету қажеттілігіне назар аударды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қараймыз. Екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміз арасында түйткілді мәселе жоқ. Дегенмен өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор. Оны ілгерілете беруіміз керек. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін.
Тікелей шекара жоқ болғанымен, екі ел бұл кедергілерді еңсеруге мүдделі. Сыртқы саясатта да, мақсат-мұраттарымыз бір жерден шығады, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бастысы, Қазақстан Эстонияны маңызды серіктес ретінде көреді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделіміз. Осы сапардың нәтижесінде мәдени байланыстарымыз да өркендей түседі деп үміттенемін.
Кедергілерді еңсеруге болатынын Эстония басшысы да айтып отыр. Алар Карис екі ел байланыстарының болашағы жарқын екеніне сенімін білдірді.
АЛАР КАРИС, ЭСТОНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде. Әлбетте, кейбір кедергілер бар, бірақ оны еңсеруге болады. Кейде біз түйткілдердің оңай шешілетінін аңғара бермейміз. Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылмақ, бірқатар бастамаларды іске асыратын боламыз. Сондықтан келешегіміз жарқын екеніне сенімдімін. Жаңа байланыстарымыз өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектеседі деп үміттенемін.
Сөз соңында Эстония басшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың геосаяси ахуалдар бойынша көзқарасымен толықтай келісетінін мәлімдеді. Алар Карис та Біріккен Ұлттар Ұйымына реформа қажеттілігін және ол арқылы қақтығыстар мен соғыстарды тоқтату керектігін атап өтті.