Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндетін орындау құралы ретінде пайдаланылады. Бірақ жеке тұлғаның келісімінсіз оның эмоциясына, мінез-құлқына талдау жасауға тыйым салынған. Соған сай, қоғамдық орындарда біреудің бет-әлпетін тану үшін де нейрожүйені қолдануға болмайды. Егер оның көмегімен жеке деректерді жинауға тырыссаңыз, заң алдында жауап бересіз. Бастысы, цифрлық интеллектінің көмегімен жүзеге асқан әр жұмыс таңбалануы шарт.
ҚАНАТ АХАТОВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САРАПШЫСЫ:
Қазір жасанды интеллектінің көмегімен түрлі ақпарат тарайтын болған. Оның қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін ажырату қиын. Фейк көп. Енді мұның барлығы заңды түрде реттеледі. Президент қол қойған «Жасанды интеллект туралы» Заңның басым бағыты осы жалған ақпаратпен күреске бағытталған. Нейрожүйені қолданатындарға жауапкершілік күшейеді. Бұл арандатуға шақыратын контенттерге шектеу қояды.