$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атырауда Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына сотталды

Атырауда Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына сотталды

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтірген екі қылмыскер өмір бойына сотталды.  Олар жазасын қатаң режимдегі түзету колониясында өтейді.  Одан бөлек әрқайсысына 15 млн теңгеден моралдық шығын төлеу міндеттелді. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты елдің жағасын ұстатқан қылмысқа бүгін нүкте қойды. Сот отырысының алғашқы күнінен-ақ  ел назарында болған аса ауыр қылмыстың үкімін тыңдауға келгендер сот залына сыймады.  Демін ішіне тартқан көпшілік үкімді естіген сәтте  ду етіп, қол соқты. Судья сот отырысы барысында ашылған айғақтарға ішінара тоқталды. Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Қатимов он күн бойы хабарлама арқылы Яна Легкодимованы өлтірудің түрлі жолдарын ақылдасқан.

ЗАРЕМА ХАМИДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Жазба барысында Қайыржанов Қатимовтан адамды өлтіру үшін қанша керек, деп сұрайды. Хакимов 500 мың теңге деп жауап береді.  Осылайша олар адам өмірін 500 мың теңгеге бағалады. Қатимов жәбірленушіні  танымайды. Араларында кикілжің болмаған. Яғни өлтіруге де себеп жоқ. Қатимов тек ақшаға бола келісті. Яғни олар топпен алдын ала сөз байласу, ақшаға жалдау арқылы жоспарлаған.

ГАЛИНА ЛЕГКОДИМОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Сот үкімімен толықтай келісемін. Мені қолдаған барша жанға алғысым шексіз.  Мен сотқа келгенде-ақ жеңіліп келгенмін.  Өйткені маған қызымды ешкім қайтармайды. Біірақ мен қызымның есімін ақтау үшін келдім.

Айта кетейік, қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген Яна мен Қайыржанов  арасындағы кикілжің туындап,  басқа қызы барын іліп қалған.  Жанжал тарап кетуіне  қорыққан қылмыскер, көмекке досын шақырады. Олар былтыр қазан айында жас қызды өлтіреді.  Марқұмның мәйіті 8 айдан кейін Жайық өзені жағасынан табылды. Аяқ-қолы жоқ, тек қаңқасы қалған.