Ұлытау облысының Сәтпаев қаласында су және кәріз құбырлары жаңартылып жатыр. Коммуналдық қызмет саласының жұмысшылары күні-түні талмай еңбек етуде. Өңір облыс мәртебесін алғалы қарапайым еңбек күші бағалануда. Қысы-жазы далада құбыр жамап халықты су мен жылумен қамтамасыз ететін слесарьларға сұраныс артқан.
Теміржан Омаров Сәтпаев қаласын жылу және сумен жабдықтайтын кәсіпорынның слесарі. 16 жылдан бері халықты үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге атсалысып жүр. Ақаусыз жұмыс істеп тұрған су мен кәріз жүйесі осы қарапайым ұстаның еңбегі. Бүгін ескі құбырды ауыстыртырды. Ертең шұғыл апатты аумақты жөндеуге баруы мүмкін. Оның жұмысы осылай жыл 12 ай жалғаса береді.
ТЕМІРЖАН ОМАРОВ, “СӘТПАЕВ ЖЫЛУ, СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ КӘСІПОРНЫ” ЖШС СЛЕСАРІ:
Кәріз жүйесін айырбастап жатырмыз қазір. Суық суды айырбастаймыз, траншей де болады. Қыстыкүндері де істейміз ондай жұмыстарды. Суық, аяздарда мысалы авария болғанда барамыз мысалы. Оны істейміз енді, істеу керек, халыққа су беру керек. Еңбектің қиындығына да, суығына да ыстығына да төзу керек.
Теміржан Омаровтың екі ұлы да шахтада жұмыс істейді. Отбасымен жұмысшы мамандықтарына деген құрметі ерекше. Өйткені әрдайым сұраныста екенін біледі. Ұстаның еңбегін әріптестері де бағалайды. Биыл жұмысшы мамандығының жылына орай еңбек адамдарының жағдайын жақсартуға нақты қадамдар жасалып жатыр.
ИБРАҺИМ МАҒЗҰМОВ, “СӘТПАЕВ ЖЫЛУ, СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ КӘСІПОРНЫ” ЖШС СУЫҚ СУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазір жалақыға оздоровительный қосылады. Бұрын ондай болған жоқтұғын. Акимат тарапынан бізге жақсы техникалар бөлініп жатыр. Жаңа- жаңа техникалар келді. Манипулятор келіп жатыр. Кәріз жүйелеріне цехына бізге жаңадан парммашина келді.Жаңартылып жатыр техниканың бәрі.
Биыл Сәтпаев қаласында суық су жүйесі 80, ал кәріз құбырлары 40 пайызы ауыстырылды. Осылайша коммуналдық қызмет сапасын арттыру көзделіп отыр. Аға буын өкілдері салаға жастарды шақырады. Өкінішке орай қазір мұндай қиын жұмысқа келетіндер әлі де аз.