Сауд Арабиясында өтіп жатқан Ислам ойындары алдында 92 келі салмақта белдесетін әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның мүмкін қарсыластары белгілі болды,-деп хабарлайды Astana TV 1Бол!-ға сілтеме жасап.
Эр-Риядтағы додада қазақстандық балуан Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудиновпен (Бахрейн), Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Амирали Азарпирамен (Иран) және Магомедхан Магомедовпен (Әзірбайжан) жолығуы ықтимал.
Бұл үш балуанның ешқайсысын Ризабек бұрын жеңіп көрмеген. Сол себепті сарапшылар қазақстандық спортшының Ислам ойындарында үздік шығу мүмкіндігін салыстырмалы түрде төмен бағалап отыр.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан биыл Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде алғашқы айналымда жарыс жолынан шыққан.
21 жастағы спортшы жуырда U23 әлем чемпионатында қола жүлде иеленді. Бұған дейін, 2023 жылы Сербияда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 92 келіде топ жарған. 2024 жылы Азия чемпионатында тағы бір күміс жүлде жеңіп, ел чемпионатында Әлішер Ерғалиға есе жіберген болатын.