$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Нигерияда содырлар 25 оқушы қызды ұрлап, мұғалімін өлтіріп кетті

18.11.2025ж. 21:20
Нигерияда содырлар 25 оқушы қызды ұрлап, мұғалімін өлтіріп кетті
Фото: Bild

Нигерияның солтүстік-батысындағы Кебби штатында қарулы топ Мага кентіндегі мектеп-интернатқа басып кіріп, 25 оқушы қызды ұрлап кетті, деп хабарлайды Қазақпарат Bild-ке сілтеме жасап. 

Шабуыл таңғы сағат 4:00 шамасында болды: қаскүнемдер мотоциклдермен келіп, алдымен мұғалімнің үйіне кіріп, оны атып тастады, содан кейін күзетшіні өлтіріп, қыздардың ұйықтайтын бөлмесіне басып кірді. 

Полицияның ресми өкілі Нафиу Абубакар Котаркосидің айтуынша, шабуылдаушылар заманауи қару-жарақпен қаруланған және күзетшілермен атысқан. Арнайы бөлімшелер қазіргі уақытта ұрлаушыларды табу жәге қыздарды босату үшін қашу жолдары мен жақын маңдағы ормандарды тексеріп жатыр. Тұрғындар кем дегенде екі адамның қаза тапқанын хабарлады.

-Бізге олардың көп мотоциклмен келгені айтылды. Олар алдымен мұғалімнің үйіне тікелей барып, оны өлтірді, содан кейін күзетшіні атып тастады, - деді жергілікті тұрғын Абдулкарим Абдуллахи Мага.

Әзірге ешбір топ жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ. Нигерияда адамдарды ақша алу үшін ұрлайтын көптеген қарулы топ бар. 2014 жылы Чибокта «Боко Харам» содырлары 276 оқушы қызды ұрлап кеткеннен бері елде кемінде 1500 оқушы ұрланған.