$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Венесуэлаға соғыс ашуға дайын

Трамп Венесуэлаға соғыс ашуға дайын

Венесуэла халқын жақсы көргендіктен, оларды құтқарғым келеді. Трамп Венесуэлаға қарсы соғыс ашуға дайын екендігін мәлімдеді. Ал, Газа секторы бойынша алғаш рет бейбіт резолюция қабылданды. АҚШ бастамасымен Қауіпсіздік Кеңесі енді Таяу Шығыстағы қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін бақылауға алмақ. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Жай қорқытқаным емес, Венесуэла билігінің көзін жоямын. Трамп осылай деді. Еш жасырып, қаймығатын түрі жоқ. Бүгінде Кариб теңізінен өтіп, Латын Америкасына Әуе тасымалдайтын кеме мен бірнеше десанттық кемелер аттанды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Венесуэла халқын қатты жақсы көремін. Олар керемет адамдар. Бірақ, билігінің істеп отырған әрекетін адамгершілікке жатқызуға болмайды. Дәл біздің АҚШ халқын, әсіресе, жастарын есірткімен улап жатыр. Осының барлығына Байден мен оның әкімшілігі кінәлі. Миллиондаған мигранттар кіргенде, осылай болатынын ескерткенмін.

Талай жылдан бері алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясы қабылданды. АҚШ бастамасымен дауысқа қойылған қарарға Қытай мен Ресей қарсылық көрсетпеді. Енді Газа секторында халықаралық контингент орналастырылады, яғни, бірнеше елдің әскері қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

МАЙК УОЛТЦ, БҰҰ-ДАҒЫ АҚШ ЕЛШІСІ:

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін тарихи шешімнің қабылдануымен құттықтаймын. Осыған атсалысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Енді Палестиналықтар тыныш өмір сүре алады деген сенімдеміз. Аймақта толыққанды бейбітшілік орнатуға атсалысамыз.

Бангладеште алдыңғы мемлекет басшысын сырттай өлім жазасына кесті. Шейх Хасина елде жаппай наразылық акциялары басталғанда күштік құрылымдарға халықты атуға бұйрық беріп, өзі Үндістанға қашып кеткен. Ереуілдер нәтижесінде 1400-ге жуық адам қаза тапқан.