$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда жасөспірімдер арасындағы Тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты басталды

Алматыда жасөспірімдер арасындағы Тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты басталды

Алматыда жасөспірімдер арасындағы Тоғызқұмалақтан 2-ші Әлем чемпионаты басталды. Биылғы додаға 21 мемлекеттен 180 жас спортшы келіп, классика, рапид және блиц бойынша өзара сынға түсуде. Жарыс ұлттық ойынды әлемдік аренада насихаттауға бағытталған. Чемпионатты Алматы қаласы әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі және Халықаралық Тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп ұйымдастыруда.

Ұлттық зияткерлік ойын – Тоғызқұмалақтан U-15 және U-17 жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өз жалауын көтерді. Алты күн аралығында өтетін дүбірлі додаға биыл 21 мемлекеттен 180 жас спортшы келіп, бақ сынауда. Ел намысын қорғайтын спортшылардың жеңістен үміті зор.

АЯНА АБАЙ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Мен осы жарысқа өте ұзақ дайындалдым және осы жарыста өзім барымды салып, жақсы деңгейде ойын көрсетем деген ойдамын. Қарсыластарым да әрбір елдің намысын қорғап келіп жатқан ойыншылар. Олардың да деңгейлері өте мықты.Яғни әрбір ойын тартысты өтіп жатыр.

Байрақты бәсекені еліміздің тәжірибелі төрешілері қадағалайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл чемпионат тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде кеңінен танытуға, жас буынның ойлау қабілетін дамытуға және елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды спорттық шара.

ӘКІМ ТҰРСҰН, ҚР ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мақсат- біздің осы алдағы уақытта тоғызқұмалақты дүниежүзілік аренада дамыту үшін ол жаңағы гимназиядамыз бар, универсияда бар, параолимпиада,сурдолимпиада. Сол ойындардың түріне тоғызқұмалақты қосу. Өздеріңіз білесіздер оған бізде потенциал бар, ЮНЕСКО мойындаған.

Тоғызқұмалақ – қазақ халқының терең ойлау мәдениеті мен даналығын көрсететін ұлттық мұра. Чемпионат барысында жас спортшылар осы өнерді әлемдік аренада дәріптеп, шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды.