$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Еңбек заңнамасында жұмысшылардың құқығын толық қорғамайтын олқылық көп"-Аймағамбетов

19.11.2025ж. 11:17
"Еңбек заңнамасында жұмысшылардың құқығын толық қорғамайтын олқылық көп"-Аймағамбетов
Фото: parlam.kz

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр,-деп хабарлайды Astana TV.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов палатаның жалпы отырысында жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға арналған заң жобасын түсіндірді. Оның айтуынша, еңбек заңнамасында жұмысшылардың құқығын толық қорғамайтын олқылық көп.

Мәселе неде? Елімізде көп жұмыс беруші қаржысын үнемдеу және әлеуметтік кепілдіктерден жалтару үшін, еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт (ГПХ) жасасуды әбден әдетке айналдырды. Жұмыскер жұмыс тәртібіне бағынады, жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бастығы бар, бірақ қағаз жүзінде ол – "қызметкер" емес, "мердігер" болып саналады, - деді Асхат Аймағамбетов.

 Депутаттың айтуынша, Заң жобасында бұдан да басқа маңызды әлеуметтік нормалар қарастырылған. Сондай-ақ, өндірістегі жазатайым оқиғаны тергейтін комиссияның құрамына тәуелсіз тараптар тартылады.

- Еңбек даулары кезіндегі жұмыскердің мүддесін қорғау тақырыбына тоқталсақ, қазір өндірісте жазатайым оқиға болса, оны тергейтін комиссияны жұмыс берушінің өзі құрады, басқарады. Сондықтан көп жағдайда тергеу субъективті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділдік таппай, сенімсіздік пайда болады. Сондықтан біз тергеу процесін объективті ету мақсатында комиссияның құрамына тәуелсіз тараптарды – медиаторларды және оның туыстарын немесе адвокатын қосуға мүмкіндік береміз, - деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, егер тергеу ашық болса, оған бірнеше тарап қатысса, бұл тергеу әділірек өтіп, қарапайым жұмысшының дауысы ескерілетін болады. Сонымен қатар депутат өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтау мәселесіне тоқталды.

- Мәселен, жұмысшы жарақат алды дейік. Оның қаншалықты ауыр екенін дәрігерлер қалай анықтайды? Сіздер таң қаласыздар, бірақ дәрігерлер сонау 1994 жылғы, яғни ескірген Әдістемелік ұсынымдарды пайдаланады. Ал бұл – заң да, нормативтік акті де емес! Проблема неде? Нақты, бірыңғай стандарт жоқ.Бір жарақатты бір қалада «ауыр» десе, екіншісінде «жеңіл» деп бағалай салуы мүмкін. Ал жараланған сол жұмысшының алатын өтемақысының мөлшері дәл осы медициналық қорытындыға тікелей байланысты. Шешу жолдары қандай? Бұл құқықтық олқылықты енді жоямыз. Денсаулық сақтау министрлігіне өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтайтын нақты әрі бірыңғай қағидаларды бекіту құзыретін береміз. Франция, Канада сияқты елдерде бұл әлдеқашан стандартқа келтірілген сұрақ. Нәтижесінде дау-дамай азайып, әрбір жұмысшы жарақатына сай әділ өтемақы алуына мүмкіндік болады, - деді Асхат Аймағамбетов.