$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үкімет экономиканың өсуі мен қазақстандықтардың жалақысы арасындағы алшақтықты жоюға ниетті

19.11.2025ж. 12:45
Үкімет экономиканың өсуі мен қазақстандықтардың жалақысы арасындағы алшақтықты жоюға ниетті

Қазақстан Үкіметі ЖІӨ көлемінен экономикалық өсу сапасына назар аудара отырып, елдің дамуын бағалаудың жаңа моделіне көшуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. 

Оның айтуынша, өсуді қамтамасыз етуде адами капитал, негізгі капитал, табиғи ресурстар, еңбек өнімділігі және технологиялар сияқты маңызды факторлардың үлесі ескерілетін болады. Осыған байланысты әлеуетті жалпы ішкі өнім бойынша экономикалық өсудің декомпозициялануы енгізілуде, бұл экономиканың нақты неден өсіп жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.

Өсудің ең маңызды факторы «жиынтық өнімділік» болып отыр. Ол экономикалық өнімді құру процесінде еңбек пен капитал сияқты барлық өндіріс факторларын пайдалану тиімділігін өлшейді.

Жиынтық өнімділіктің өсуі тиімділіктің жақсарғаны мен технологиялық прогресті көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, 2001-2024 жылдар аралығында өндіріс тиімділігі экономиканың негізгі қозғаушы күші болған.

«Еңбек өнімділігін, тиімді жұмыспен қамтуды және капиталдың технологиялық деңгейін арттыру арқылы ұзақмерзімді өндірістік қабілеттілікті жоғарылатуға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнім өсуі мен жалақының артуы арасындағы алшақтықты біртіндеп жоюға алып келеді»,-деді Серік Жұманғарин.