2025 жылдың 9 айында экономиканы кредиттеудің жалпы көлемі 14,6%-ға өсіп, 38,7 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, тұтыну секторында кепілсіз несиелердің өсу қарқынының айтарлықтай баяулауы тіркелген. Егер 2024 жылы олардың өсімі 29,3%-ды құраса, осы жылдың 9 айында көрсеткіш 12,7%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте негізгі өсімді автонесиелеумен қатар кепілді қарыздар қамтамасыз етті. Кепілді тұтынушылық кредиттер 32,2%-ға өсіп, 4,8 трлн теңге көлеміне жетті.
«Бизнеске кредит берудің орташа жылдық өсу қарқыны соңғы бес жылда 14,4%-ды пайызды құрады. Бизнеске кредиттер портфелі 5 жыл ішінде 1,7 есе, 14,7 трлн теңгеге дейін өсті. Корпоративтік кредиттеу құрылымында шағын және орта бизнес кредиттері 44%-ды, ірі бизнеске кредиттер 36%-ды және дара кәсіпкерлерге кредиттер 20%-ды пайызды құрайды»,- деді Мәдина Әбілқасымова.