Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Оның айтуынша, түзетулердің бірі – бала күтімі кезеңіне қатысты құқықтық теңсіздікті жою. Қазіргі қолданыстағы жүйеде жұмыссыз ана үш жасқа дейінгі баланы бағып үйде отырса, бұл уақыт оның еңбек өтіліне есептеледі. Алайда дәл осы құқық әкелерге берілмеген.
- Атап айтқанда, біз бұл заң арқылы әкелердің де құқығын қорғап отырмыз. Қазіргі қолданыстағы жүйеге тоқталсақ, егер жұмыссыз ана үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырса, бұл кезең оның еңбек өтіліне есептеледі. Алайда, дәл осы құқық әкелерге берілмеген. Біз бұл теңсіздікті жоюды ұсындық. Енді заң қабылданса, егер бала күтіміне әке шықса, бұл кезең оның да еңбек өтіліне қосылады. Бұл – тек әлеуметтік әділеттілік емес, сонымен қатар қоғамдағы отбасылық рөлдер мен ата-аналық жауапкершіліктің теңдігін қалыптастыруға бағытталған қадам, - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.