Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиевтің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдеріне жұмыс орындарында жалақының уақытылы төленбеу мәселесі, сондай-ақ ол үшін тағайындалатын сыйақы мөлшері және жұмыскерлерді өндірістік жарақаттардан сақтау шаралары жөнінде сұрақ қойды.
"Біз қазір қоғамдағы қымбатшылықтың деңгейін көріп отырмыз, күн сайын өсіп жатыр. Біз қазір қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін көріп отырмыз. Осының бәрі азаматтардың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік бермейтін проблемалар бар екенін білеміз. Заңды түрде жұмыс істеп жатқан азаматтар уақытында жалақысын ала алмайды. Жұмыс берушілер уақытында төлемейді. Салдарынан азаматтар несиесін уақытында жаба алмайды, одан бөлек супермаркеттерде азаматтарымыздың кредитке тамақ алып ішуге мәжбүр екенін көреміз", – деді депутат.
Ол жұмыс берушілерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды.
“Өйткені қазір жұмыс беруші уақытында жұмысшыға жалақысын төлемесе, оған әкімшілік жаза қолданылады және азғантай мөлшерде ғана өтемақы төлеуге міндет қойылады. Ал біздер өтемақының мөлшерін Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25-тен 5 есеге дейін көтеруді талап еттік. Бірақ Үкімет мұны қолдамады. Сондықтан да осы қолдамаудың себебін білгім келеді. Алдағы уақытта жұмыс берушілер жұмысшыларға уақытында жалақыны төлемесе, министрлік қандай шара қолданбақ?", – деп сұрады Нартай Сәрсенғалиев.
Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев егер жұмыс беруші жұмыскерге уақытында айлығын төлемесе, жұмыс беруші жауапкершілікке тартылатынын айтты.
«Егер жұмыс беруші қызметкерге жалақыны уақытылы төлемесе, ол жауапкершілікке тартылады. Бұл Еңбек кодексінде қарастырылған. Жауапкершілікті, айыппұлдарды көтеру мәселесін жұмыс берушілер конфедерациясымен және «Атамекен» палатасымен пысықтап жатырмыз. Олар айыппұлды арттыруға қарсылық білдіріп отыр. Себебі жұмыс берушілердің мүмкіндіктері шектеулі. Талқылау жалғасып жатыр. Бұл мәселеге қайта ораламыз», – деді вице-министр.