$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алдағы үш жылда халықтың әл-ауқаты қалай жақсарады?

19.11.2025ж. 19:00
Алдағы үш жылда халықтың әл-ауқаты қалай жақсарады?

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы қымбаттамайды. Үкімет осылай деп халыққа уәде берді. Тіпті ең төменгі жалақы мөлшерін өсірмек. Сол арқылы экономиканы қарыштатып, инфляция деңгейін төмендетеміз деп отыр. Бастысы Үкімет халықтың әл-ауқатын жақсартатын үш жылға арналған арнайы бағдарламаны бекітті. Оның нәтижесі қандай болады? Өзгерістерге Аружан Задабек жеке-жеке тоқталсын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Сәрсенбінің таңы арайлап атты. Үкіметтегілер оң аяқпен тұрып, күнін сәтті бастағанға ұқсайды. Көздерін тырмалап аша сала “халықтың әл-ауқатын қалай көтереміз?” деп жұмысқа кірісті. Белсенгені сонша, бірден алдағы үш жылға құрған жоспарларын бекітті. Басты жаңалық, жалақы көтеріледі. Бағасы аспанға жеткен азық-түліктің де құнын тұрақтандыруға кіріскен. Айтылған сөз, атылған оқтарды кезек-кезегімен тарқатайын.

Бір үстелге жиналған Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі енді «өзім білдімге салмай, бір саясат жүргізейік» деп уағдаласты.

Бағдарлама үш жылға арналған. Бірінші кезекте халықтың табысы. Инфляциядан асып, жыл сайын 2-3 процентке көтеріледі. Экономика қарыштайды. Қазірдің өзінде көрсеткіш тәуір. 10 айдағы өсім - 6,4%. Ал тарифтерге мораторий 2026 жылдың басына дейін сақталады. Бұл - жыл соңына дейін ешқандай қымбаттау болмайды деген сөз.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін шикізаттық емес секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға және цифрландыруға баса назар аударылатын болады.

Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар жүйеленеді. Жыл сайын 100 жаңа жобаны іске қосып,  17 жоғары қайта өңдеу бағдарламаны орындау жоспарланған. Ал “Бәйтерек” инвестициялық холдингке айналып, ірі жобалардың бас инвесторы атанады. Ең бастысы, Үкімет технология, цифрландыруды дамытып, “шикізатқа сүйенбей өмір сүру”  принципін қолға алуы тиіс.

ЕРДІЛДӘ ТАУТЕНОВ, «ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Нақты сектордағы бағдарламаларды іске қосу бойынша айтылып өтті. «Байтерек» басқару холдингін трансфармациялау арқылы, яғни, инвестиция тартуға деген бағытын күшейту арқылы елімізде инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындар салып, жаңа жұмыс орындарын, оның ішінде жоғары табысты жұмыс орындарын құру сияқты іс-шаралар іске асырылады деп айтылып отыр.

Қазір банкке қарызы жоқ адамды кездестіру қиынның қиынына айналды. Осыған тоқтау қою үшін несие беру тәртібі өзгереді. Енді кәсіппен айналысатындар ғана қалаған қаржысын қалтасына сала алады.  Ал тұтынушылық несиеге шектеу енгізілді. Бұдан былай қит есте банктің алдын тіміскілейтіндерге оңды-солды берілетін ақша жоқ. Алған берешегінің берекесін келітіріп төлей алмай жүгендер автоматты түрде банкроттыққа үміткер ретінде анықталады. Сондай-ақ, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын коллекторларға арналған мораторий 2027 жылға дейін ұзартылады.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Биыл 9 айда экономикаға берілген кредиттер 14,6 пайызға ұлғайып, 38,7 трлн теңгені құрады. Бизнеске берілген кредиттер 12,1 пайызға өсіп, 14,7 трлн теңгеге жетті. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер биыл 9 айда 12,7 пайызға дейін өсті. Өсу қарқыны өткен жылы 29,3 пайызға өсумен салыстырғанда екі еседен астам азайды.

Не болса да халыққа несиенің арзандап, инвестицияның артқаны, табыстың жылдам өскені маңызды. Ол үшін базалық мөлшерлеме төмен болуы тиіс. Ал, Ұлттық банк, әдеттегідей, бұл «ставканы» экономиканың ауа райына қарап реттейді.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:

Үкімет пен Ұлттық банктің координациясы декларациядан нақты іске өтті. Қабылданған шаралар инфляцияны тұрақты төмендетуге және теңгеге сенімді күшейтуге мүмкіндік береді.

Халықтың әл-ауқаты дегенде алдымен азық-түлік құны ойға оралады. Бағаға қатысты айтылатын сөз де, мін де көп. Бұған дейін Үкімет мәселені реттегендей болды. Бірақ алда жаңа жылдың келе жатқанын ескерсек, көңіл-күй қайта түседі. Жылдағыдай ажиотажға басып, құны аспандап кетпей ме деген қорқыныш бар. Бірақ экономика министірі жаппай қымбаттау болмайды деп сендірді. Үкімет басшысы да бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Министрлерге бағаның өсуіне сыртқы факторлардың әсерін азайтуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сауда министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, делдалдық схемаларды анықтау жұмысын күшейтуі қажет. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

“Қыздың жиған жүгіндей” тізілген Үкіметтің жоспары – осы. Ол орындалса халықтың қалтасы сәл де болса қалыңдайды дейді өздері. Не дейміз, айтылған сөз атылған оқпен тең.