$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үкімет басшысы Түркістан облысындағы өрттен кейін министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

19.11.2025ж. 19:00
Үкімет басшысы Түркістан облысындағы өрттен кейін министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

Үкімет басшысы Түркістан облысы Жетісай ауданындағы қайғылы жағдайдан кейін министрлер мен әкімдерге бірнеше тапсырма берді. Олжас Бектенов қаза тапқандардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, барлық қажетті жағдай, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетілетінін жеткізді. Жылу беру маусымы басталғалы тұрғын үйлерде өрт қауіпі жиілеген. Мәселе қазан айында Үкімет отырысында егжей-тегжейлі талқыланған еді. Бірақ жағдай әлі жақсарған жоқ дейді Премьер-Министр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Төтенше жағдайлар министрлігіне өртті болдырмау, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп,  тұрғын үй секторын,  әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет. 

Ал, Үкіметтің комиссияның басшысы Қанат Бозымбаев 12 адамның өмірін қиған өрт оқиғасында қылмыстық құрам жоқ екенін айтты. Қазір тергеу шаралары жүргізіліп, оқиғаның себебі анықталып жатыр.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім.