Қарағандылық әйел 4 жасар баласының қолын байлап, жалғыз қалдырып кеткен. Анасының баласына ұдайы қатыгездік жасағаны анықталды. Отбасы бұған дейін ажырасқан, бала анасының тәрбиесінде қалған. Әкесі баласымен сот белгілеген тәртіппен кездесіп, алимент төлеп келген. Кезекті кездесуде ол ұлының денесіндегі көгерген іздерді байқап құқық қорғау органдарына шағымданады. Сараптамада дене жарақаттары жеңіл деп танылғанымен балаға бірнеше диагноз қойылған.Көп ұзамай әкесі ұлының балаларды қолдау орталығына орналастырылғанын білген. Оған әйелдің баласының қолын байлап, үйінде жалғыз қалдырып кетуі себеп болыпты. Бүлдіршіннің тоқтаусыз жылап жатқанын естіген көршілері кілт тесігінен қолдары артына қайырылып байланып, бөлмеде айналып жүгіріп жүрген баланы көреді. Куәгерлер дереу жедел жәрдем шақырған. Оқиғадан кейін әкесі баласын өзіне, ата-анасымен тұратын алты бөлмелі жеке үйіне алып кеткен көрінеді. Сот әйелді ата- ана құқығынан айырды. Бүлдіршін әкесімен болады, ал анасы алимент төлейді.
ДИНАРА МУТУБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІ СУДЬЯСЫ:
Апелляциялық алқа алғашқы сот шешімін заңды деп танып өзгеріссіз қалдырды. Өйткені анасы ата- ана құқығын өрескел бұзып, балаға қатыгездікпен физикалық күш қолданған. Оның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіргені дәлелденді.