Жол бойында асфальт қана емес, сапалы сервис те маңызды. «ҚазАвтоЖол» келер жылға республикалық трассалардағы сервисті дамытудың жаңа жоспарын таныстырды. Бүгінде 25 мың шақырым жол бойында мың жарымға жуық нысан бар, оның барлығы стандартқа сай емес. Жанармай бекеттері, кафелер, санитарлық павильондар, биылдыққа жалпы саны 63 нысан ғана салынған. Жауапты компания бар демалыс алаңдарын жаңартуды, жөндеуге алынған учаскелерге жаңа нысандарды салу мен көпфункционалды сервистік аймақтар құруды ұсынды.
БАҚЫТ МАРАТОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл жоба - тек инфрақұрылым емес, жүргізушілер мен жолаушылар үшін қауіпсіздік пен жайлылық, өңірлік экономиканың дамуы мен жаңа жұмыс орындарына жол ашатын стратегиялық бастама. Бірлескен күштің арқасында еліміздің жолдарында сапалы және қолжетімді сервистің жаңа стандарты орнатылады.