$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жаңа қолдау орталығы ашылды

AstanaTV
19.11.2025ж. 19:00
Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жаңа қолдау орталығы ашылды

Қазақстанда аутизмі бар балалар саны 15 000-нан асады, оның  шамамен 7 мыңы - мектепке дейінгі жаста. Елімізде ерекше балаларды дамыту орталықтары көбейіп келеді. Бүгін Астана қаласындағы № 59 «Аққанат» балабақшасында Run for Autism жыл сайынғы қайырымдылық жүгіруінің қаржысымен инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл бастама Bolashak Charity қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асуда. Онда 2-5 жас аралығындағы аутизмі бар балаларға қызмет көрсетіледі.

АЗАМАТ БОЖАҚ, BOLASHAK CHARITY ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Үшінші жыл қатарынан Run for Autism қайырымдылық марафонын өткіземіз. Осы уақыт ішінде алты мыңнан астам қатысушы жиналып, старттық слоттар арқылы 42 миллион теңге түсті. Бұл қаражатқа 25 инклюзия кабинеті жабдықталды.

МАРЖАН ДЖАНАХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

1 жылдың ішінде үлкен жетістікке жеттік. Өз көзіммен көріп тұрмын баламды. Осы центрге келмес бұрын басқа центрлерге бардық. Бірақ ол жақта күніне 1-1,5 сағат қана сабақ өтеді. Сосын баланы әкету керек болады. Ал бұл центрге келсек, таңертеңнен кешке дейін сабаққа апарады, басқа балаларға қосады. Менің балам басқа балаларға қарап алға қарай ұмтылып бастады.