$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ШҚО-да есірткіні аса ірі мөлшерде таратумен айналысқан күдікті ұсталды

20.11.2025ж. 21:23
ШҚО-да есірткіні аса ірі мөлшерде таратумен айналысқан күдікті ұсталды
фото: Polisia.kz

ШҚО-да мефедронды аса ірі мөлшерде таратумен айналысқан күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Astana TV

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыс прокуратурасының үйлестіруімен, синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде жасырын таратумен айналысқан көршілес облыстың 27 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту барысында күдіктіден ақ түсті ұнтақ салынған полимерлі пакет табылып, тәркіленді. Одан кейін оның тұрғылықты жерін тексеру кезінде қызғылт түсті ұнтақ салынған тағы бір пакет, сондай-ақ есірткіні бөліп-қаптауға арналған құралдар — бес электрондық таразы мен арнайы қаптамалар анықталды.

Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың мефедрон (496,71 г) және "А-PVP" (581,13 г) сияқты психотроптық заттар екенін растады. Бұған қоса полицейлер күдіктінің жасырын орындарының бірінен шамамен 500 грамм синтетикалық есірткіні қосымша тәркіледі.

Жалпы алынған есірткінің салмағы 1,5 келіден асып, бұл шамамен 5 000 бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны 34 млн теңгеден жоғары бағаланады. Тергеу барысында күдіктінің қазан айында өңірге келіп, қаланың түрлі аумақтарында есірткіні жасырын орындарға кезекпен қоюмен айналысқаны анықталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.