3 жылға арналған бюджеттің жобасын Сенат кері қайтарды. Парламенттің Жоғары палатасында Үкімет мемлекеттік қазынаның шығындары туралы есеп берді. Сенаторлар неге қанағаттанбады? Толығырақ Еркелді Тілеуқұл тарқатады.
Инфляция жыл өткен сайын төмендейді. Ұлттық экономика министрі Сенатта Үкіметтің бюджет жоспарын таныстырды. Құжат бойынша атқарушы билік бюджет жетіспеушілігімен де күреспек.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Болжамды көлемі инфляцияға индекстеу 2026-ы жылы – 10 процент, 2027,2028-і жылы орташа 6 процент. Өңірдегі мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушылардың болжамды көлемі ескеріліп, есептелді.
Үкімет жоспары қағаз жүзінде жақсы көрінгенімен сенаторлар қанағаттанбады. Нәтижесінде, талқыға түскен екі заңды Жоғары палата Мәжіліске қайта қарауға жіберді. Оның ішінде, өңірлер, оның ішінде елдімекендердің әлеуетін, инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлу керек деген ескерту айтылды. Сонымен қатар, Сенат спикері барлық бюджет шығындарының ашық болуы керек деген сын айтты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз бюджеттен ақша бөлуді жалғастырып жатырмыз. 2026 жылда көрсетіліп тұр. Біз не үшін қосымша қаражатты алдын ала беріп отырмыз деген сұрақ туындайды. Олар ортақ есептен айналып өтіп жатыр. Оған қаржылық және Парламенттік бақылау жүргізілмей тұр. Барлығына қойылатын талап, кей шығындарға қойылмаған. Сондықтан, қаражаттың дұрыс жұмсалуын мұқият қадағалауымыз керек.
Сенаторлар, әсіресе, Үкімет басшысына сұрақтарын жаудырды. Олжас Бектенов тек бюджет жобасы жайлы ғана емес, жалпы, Үкімет шығындары туралы толық есеп берді. Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанның сыртқы қарызы кейбір дамыған елдерден жалпы ішкі өнімге шаққанда әлдеқайда төмен.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Шындығында бүгінде мемлекеттік қарыз деңгейі жалпы ішкі өнімнің 23,6 пайызын құрайды. Жалпы танылған халықаралық әдістемеге сәйкес, мемлекеттік қарыздың мұндай деңгейі төмен деп мойындалады. Егер, мысал үшін алар болсақ, көптеген дамыған елдің мемлекеттік қарыз деңгейі 50, 80 пайыздан асады. Мемлекеттік қарыз деңгейі жалпы ішкі өнімнен 100 пайыздан да асатын жекелеген дамыған елдер бар. Әрине, мұндай тәжірибені қолдануға мүлдем шақырып отырғаным жоқ. Керісінше, Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейі төмен болуы тиіс деп санаймын және Үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
Үкімет енді тек жұмыс істеуге қабілеті жоқ адамдарға ғана көмек береді. Ал, аяқ-қолы, дені сау жандарға әлеуметтік көмек берілмейді, - деп Үкімет басшысы турасын айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мемлекеттен әлеуметтік қолдауды түрлі объективті факторларға байланысты жұмыс істеу және өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана алатын болады. Жұмыс істей алатын адам еңбектенуі тиіс. Мемлекет оны бағып-қақпауы тиіс және бағып-қақпайды да. Біз бұл жұмысты одан ары жалғастырамыз.
Айта кетейік, 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы да Мәжіліске қайтарылды. Оған да, Сенаторлар көңілі толмай, кемшіл тұстардың бар екеніне назар аударды.