$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Оқыту орталығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

AstanaTV
20.11.2025ж. 19:00
Оқыту орталығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды. Ұлттық бірыңғай тестке дайындаймыз деп жүздеген адамнан миллиондап ақша жинап алып, жабылып қалған орталыққа қатысты полиция осындай мәлімдеме жасады. Балалардың біліміне инвестиция салып, шырылдап қалған ата-аналармен тілшіміз тілдесті.

Бұл ата-аналар балаларының Ұлттық бірыңғай тестке дайындығына ақшасын алдын ала төлеп қойған. Себебі көбісінің шарты солай. Айтуларынша, сабақ тұрақты болмапты. Мұғалім жетіспеушілігі секілді түрлі сылтаулар айтылған. Орталық жабылды деген смс хабарлама алған кезде ата-аналардың төбе шаштары тік тұрыпты.

ЕЛАМАН ЕСМАҒАНБЕТОВ, АТА АНА:

Қызымды осы «Tesla Education-ға» бергем осы октбярь кезінде. Рассрочкаға 750 мың теңге төлеп бір жылға. Содан  үш апта оқыды ма, оқыған жоқ па, содан бүгін сообщения келіп жатыр куратордан тесла жабылды оқу тоқтатылды деп, офисқа бүгін таңертең барған едік офис жабық тұр кеше түнде көшіп кетті дейді ол жағын біз білген жоқпыз.

Шағымданушылар саны сәт сайын артып жатыр. Әрқайсысы 500 мыңнан бастап қаржы салдық деп отыр. Олар ұжымдық арыз жазды. Қазір құқық қорғау органдары айналысып жатыр.

ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Полицияға Tesla Education білім беру орталығында оқитын балалардың ата-аналары мекеме басшылығының алаяқтық әрекеттері туралы айтып, ұжымдық арызбен жүгінді. Бүгінгі күні осындай сипаттағы 97 арыз тіркелді. Тексерілу жүргізіліп болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Ал оқу орталығы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеме жасады.

"TESLA EDUCATION" БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ:

Компания ешқашан алаяқтықпен немесе жеке мүдде үшін әрекет еткен емес. Қызметкерлер тек ішкі нұсқаулықтар мен регламенттерге сәйкес жұмыс істеді. Барлық міндеттемелер ата-аналарға толық көлемде орындалады.

Ата-аналардың басты талабы ақшаларын қайтарып алу. Балаларының болашағына салған инвестициялары ұстағанның уысында кетпесе деп отыр.