$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Deepfake, казино, тұмау: шындық қайда?

Deepfake, казино, тұмау: шындық қайда?

Ақпарат көп заманда, шындықты табу қиын. Сол үшін біз әр жаңалықты тексеріп, нақты дерекке сүйенеміз. Эфирде "фейк-фильтр."

Қайырлы кеш, көрермен!

Уақытпен бірге жаңарып, талқылайтын мәселе қазір көп.  Бүгін - жұртты жалғанға сендіріп, көзді алдауға арналған жалған ақпараттар жайлы айтамыз. Сіздермен Ақбота Базарбай.

Қазір не көп - жасанды дауыс, жасанды бет, адамның түрін сәтте өзгертіп жіберетін «deepfake» көп. Біреу танымал адамның атынан видео жасап халықты шатастырса, енді бірі өзгенің  түрін подкастқа, жарнамаға жабыстырып, беделін бүлдіреді. Бұрын мұндай бейнематериалдарды тек үлкен студиялар ғана жасайтын. Енді смартфоны бар кез келген жан бір түймемен өзгенің бейнесін бұрмалай алады.

Фейк видео жасау - шығармашылық емес, ақпараттық қауіпсіздікке тікелей қатер. Бұрын мамандар тек сақ болуға кеңес берсе, енді цифрлық қауіпсіздік орталықтары мұндай контентті заңмен реттеу қажеттігін айтады.  Себебі жалған бейне адамның абыройына нұқсан келтіріп, тіпті қаржы алаяқтығына жол ашуы мүмкін.

Аңқау халық көргенін шын деп қабылдайды. Жалған бейнелердің артында кім тұрғаны белгісіз, ал зардабын көретін - қарапайым тұрғын. Соның айқын мысалы - өткенде ғана сөз еткен Mellstroy дауы.

Желіде «миллион берем», «ерекше видео түсір» деп жарияланған хайптың бәрі жай ойын емес дедік. Қаржы мониторинг агенттігі енді Mellstroy-ға халықаралық іздеу жариялады.

ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Жалған ақпратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды казиномен, бәстігумен және күмәнді ұтыс ойындары мен байланысты челенждерге қатыспауға шақырады. Бұндай бейнелерді тіпті әзіл ретінде де таратпаңыздар. Бұл заңсыз жарнамалаудың кеңейюіне ықпал етеді.

Желіде тағы бір дүрбелең басталды, «Қазақстанда жаңа тұмау штаммы пайда болды» деген хабар тарп жатыр. Жұрт қорқып,   дүрлігіп,  дәріханаға ағылды. "Флукапты" іздеп сандалған ананың бірі - мен. Шындығында - бұл жаңа вирус емес екен.

Басты ауыртып, дене қызуын көтеріп, мазасыздандырған   вирус - жыл сайын болатын А(H3N2) тұмауы. Ол 1968 жылдан бері бар, маусым сайын айналымда жүреді. Ешқандай жаңа қауіпті мутация анықталмады дейді жауаптылар.

ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Қазір әлеуметтік желіде Қазақстанда тұмаудың жаңа қауіпті түрі пайда болды деген ақпарат тарауда. Бұл шындыққа жанаспайды. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегіне сәйкес елмімізде айналымда жүрген маусымдық тұмауы ол бұрыннан белгілі штамм. Бұдан бөлек бірнеше респираторлық вирустар тіркелуде, бірақ эпидемиологиялық ахуал бақылауда. Ал дәрі дәрмек қоры жеткілікті.

Құрметті көрермен, бүгін үш үлкен ақпараттық дауылға нүкте қойдық. Ақпарат көп заманда ақиқатты табу - міндет. Сүзгіден өтпеген жаңалыққа сенбеңіз.

Бүгінге осы, амандықта жүзкенкенше!