Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оқушы қыздарды қағып кеткен трамвай жүргізушісі 2 жылға бас бостандығынан айрылды

AstanaTV
08.12.2017ж. 20:00
2571
Оқушы қыздарды қағып кеткен трамвай жүргізушісі 2 жылға бас бостандығынан айрылды

Оқушы қыздарды қағып кеткен трамвай жүргізушісі екі жылға сотталды. Бүгін Павлодар қалалық №2 қылмыстық сотының судьясы осындай жаза кесті. Үкім шығару кезінде айыпталушының бұған дейін сотталмағандығы мен кәмелетке толмаған баласының бары ескерілді. Сондай-ақ, Наталья Пекнич сот сараптамалар жүргізуге кеткен шығынды мемлекетке өтеуі тиіс. Бұл  - 88 504 теңге. Бұған қоса судья «Трамвай басқармасы» АҚ басшылығына қатысты дербес қаулы шығарды. Оған сәйкес кәсіпорын трамвайда жылдамдықты өлшейтін құрылғы жұмыс істемесе де бағытқа шығаруға рұқсат берген тұлғаны қатаң жазалауы тиіс.

Айта кетсек, алғашқы сот отырысында айыпталушы өзі басқарған қоғамдық көлікте бұл тетіктің жұмыс істемейтінін айтқан болатын. Соңғы рет сөз алған Наталья Пекнич жәбірленуші тараптан тағы да кешірім сұрап, болған жайтқа өкінетіндігін жеткізді.

Думан Серікбаев, Павлодар қалалық №2 қылмыстық сотының судьясы:

Пекнич Наталья Сергеевна ҚР ҚК 345 бабы 3 бөлімінде қарастырылған қылмыс бойынша кінәлі деп танылсын. Және оған екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бес жылға дейін қандай да бір көлікті басқару құқығынан айырылсын. Пекнич Наталья Сергеевна жазасын минималды қауіпсіз түзету мекемесінде өтейтін болады.

Қайғылы оқиға 7-ші қыркүйекте Павлодар қаласының ірі көшелерінің бірінде болды. Мектепке бара жатқан апалы-сіңілі қос оқушыны жаяу жүргіншілер жолағында жүйткіп келген трамвай қағып кетті. Балалардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі жансақтау бөліміне түскен болатын.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ