Қазақстан мен Армения арасындағы бизнес серіктестік қайта жаңғырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздер жасап, бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық деңгейге көтеретін құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрін Ақордада қарсы алды. Алдымен протоколға сай ресми шаралар өтті. Мұнан соң тараптар жоғары деңгейде келіссөз жүргізді.Қасым-Жомарт Тоқаев Пашинянның Қазақстанға алғашқы сапары екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін беретінін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Бұл – Қазақстанға алғашқы сапарыңыз.
Ал Никол Пашинян қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Арменияға жасаған ресми сапарынан басталғанын атап өтті.
НИКОЛ ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе.
Армения -Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазақ пен армян достығы берік, сыйластығы жарасқан халық екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды. Осы маңызды бастамаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге, құрметті Никол Воваевич, зор алғыс білдіремін. Мұны қазақ еліне деген ерекше ілтипатыңыз деп бағалаймыз.
Президент Никол Пашинянды «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың, өзара берік сенімнің және халықтарымыздың келешегі жолындағы ортақ ұмтылыстарымыздың жарқын символы деді. Бұдан соң, тараптар БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, сан салалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашары анық.
Тараптар өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға уағдаласты.Келіссөзде елдеріміз өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, құрылыс және басқа да салалардағы серіктестікті дамыта алатынына назар аударылып, соның ішінде көлік-транзит бағытының әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілген.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді.
Бұл бастама екі ел үшінде пайдалы дейді сарапшылар. Себебі транскаспий бағытында Армениямен тізе біріктіру Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
ЖАНАР ГАБДУЛЛИНА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Экспорттың әртараптануына ол және де тек тауарлар ғана емес. Бұл дәліздерден жүргізілетін оны айтар кетерліктей ол технологияның трансверті, ол инновацияның дамуы, ол жұмыс орындарының ашылуы, сол себепті кейін тұрғыда қарағанда ол екі елде де көптеген өзінің экономикалық тиімділігін әкеледі десек болады.
Биыл Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілген. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша,- деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру келісімі жоспарланған. Сондай-ақ, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықтың да әлеуеті зор.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстанда цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Армения ІТ-технологиялар мен стартап экожүйесінде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бұл – екі елдің экономикасын дамытуға тың серпін беретін маңызды сала. Осы орайда, жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келістік, бұл бағытта бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне тоқталдық.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян келіссөз қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрінің қатысуымен ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты.