$541.34 €640.73 ₽6.53
×

СҚО-да жоғары дене қызуымен жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны екі есе артты

23.11.2025ж. 14:10
СҚО-да жоғары дене қызуымен жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны екі есе артты
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Облыстық жедел медициналық көмек орталығының жылжымалы педиатриялық бригаданың дәрігері Сәулет Есенбек вирусты инфекцияның белгілері, аурумен күрес және алдын алу жолдарын айтып берді. 

Маманның айтуынша, осал санат тобына 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, егде адамдар, тыныс жолдарының созылмалы аурулары бар адамдар, жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары бар адамдар жатады.

— Вирустық инфекцияның белгілеріне келетін болсақ: дене қызуының бірден 39,9 градусқа көтерілуі, буындардың, бұлшықеттің сырқырап ауыруы, көздің ашуы, мұрыннан су ағып, тамақ жыбырлап, құрғақ жөтелдің пайда болуы. Екінші-үшінші күні жүрек айнып, құсу, іш ауыруы мүмкін, — дейді Сәулет Есенбек.

Мұндай вирустық инфекцияда балаға қалай көмектесуге болады? Маманның айтуынша, аурудың жеңіл өтуі үшін барынша көп сусындарды, оның ішінде, шырындар, лимон қосылған шай, су, компоттарды ішу керек. 

— Ауыру басталған алғашқы 48 сағатта вирусқа қарсы препарат — «Осельтамивир» ішу керек. Балаларға «Флукап» немесе «Флувир» беру қажет. Температура 38,5-тен асып кеткен жағдайда «парацетамол» немесе «ибуфен» беру қажет. «Аспирин», «нимесил» беруге болмайды. Сырқаттың денесін бөлме температурасындағы жылы сумен сүрту керек. Маңдайына, қолтық арасына, шап аймақтарына, бауырдың тұсына стерильді мақтадан жасалған сулы дәке қоямыз, — дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, жоғары температураның болғаны дұрыс, бұл ағзаның вирустармен күресіп жатқандығының белгісі. Бірақ қызу түсіретін дәріні тек 38,5 градустан асқанда ғана беріп, детоксикация жүргізген жөн. Ем дер кезінде және дұрыс жүргізілгенде бала екі апта ауырмай, үш-төрт күнде тәуір болады.

Ағзадан токсиндерді шығару үшін С дәруменін ішкен жөн. Сондай-ақ сұйықтықты барынша көп ішу керек, бұл токсиндерді шығаруға көмектеседі.

Антигистаминдік препараттар ішіп, мұрын мен тамақты жуып, шаю керек. Жартылай төсектік режимді ұстанып, жеңіл тамақтанған жөн. 

— Қандай жағдайда жедел жәрдем қызметін шақыру керек? Егер бала енжар, әлсіреп қалса, іс-әрекетінде тежелу байқалса, есі кіресілі-шығасылы болса, демалуы қиындаса, іші ауырып, қайта-қайта құсса, басы қатты ауырса — дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Сондай-ақ, ас ішуден, су ішуден бас тартса, баланың даусы қарлығып, дене қызуы тұрақты ұсталса, денеде әртүрлі бөртпелер пайда болса, жедел жәрдем көмегіне жүгіну керек. Вирустық инфекцияның алдын алу үшін маска тағып, гигиеналық талаптарды орындаған жөн. Яғни қолды жиі жуып, бөлмені жиі желдетіп, таза ұстау керек. Ал эпидемия шарықтаған кезінде кісі көп шоғырланатын жерге бармаған дұрыс. Тағы бір тиімді жолы — тұмауға қарсы екпе алу, — дейді Сәулет Есенбек.

Мәлімет kaz.inform.kz алынды.