Шымкент қаласының тұрғыны алимент бойынша 4,8 млн теңгеден астам берешегі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Шымкент қалалық сотының мәліметінше, қылмыстық іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Сотталушы Т.-ға ҚК-нің 139-бабы «балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару» бойынша айып тағылды.
Алимент бойынша берешегін өтеу туралы хабарланғанына қарамастан, сотталушы 5 жылдан астам уақыт ішінде алимент төлеу міндеттерін орындамаған.
Салдарынан сотталушының алимент бойынша қарызы 4 852 676 теңгеге жеткен.
– Сотталушының кінәсі іс-құжаттарымен қоса өзінің берген түсінігімен, жеке сот орындаушының ұсынысымен және тағы басқа да іс бойынша жинақталған құжаттармен толық дәлелденген. Сот, Т.-ны ҚК-нің 139-бабымен кінәлі деп танып, оған 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - делінген соттың хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енбеді.