Зейнетақымен қамту мәселелері туралы қаулы жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Аталған құжат 8 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.
Жоба жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға берілген зейнетақы активтерін басқаруды одан әрі жетілдіру мақсатында дайындалған.
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап басқарушы компаниялардың қызметін бағалау жүйесі орташа өлшенген нәтижеден қазақстандық қор нарығы мен әлемдік қаржы алаңдарының индексін қамтитын композиттік индекстерге (бенчмарктерге) негізделген бағалауға көшеді, - делінген құжатта.
Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаулыға келесі өзгерістер мен түзетулерді енгізуді ұсынады:
- салымшының зейнетақы активін белгілі бір инвестициялық портфельге беру тәртібін және шарттарын айқындау;
- инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийлеріне байланысты шетел валютасына инвестициялау лимитін белгілеу;
- басқарушы компаниялар инвестициялық портфельді таңдаған кезде БЖЗҚ-ның (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) салымшыларды ақпараттандыру жөніндегі міндетін белгілеу;
- басқарушы компаниялардың инвестициялық портфельді таңдау туралы уәкілетті органды хабардар ету тәртібі мен мерзімін айқындау.