Абай облысында Қаржы мониторингі агенттігі «тұтыну кооперативі» ретінде жұмыс істеген «ELL QUATY» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Astana TV.
Тергеуге дерегіне сәйкес, ұйымдастырушылар азаматтарға «HALYK QUATY» кооперативі арқылы үй мен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеумен береміз деп уәде еткен. Компания halykquaty.kz сайты мен әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіп, өзін «халықтық кооператив» ретінде таныстырған. «HALYK» тауарлық белгісін заңсыз қолданғаны үшін ұйым атауын өзгерткен. Салымшыларды тарту үшін түрлі акциялар өткізіліп, шетелге жолдамалар ұтысқа қойылған.
“Тергеу дерегінше, ұйымдастырушы қаражатты «QAZ INFO MARKET» ЖШС арқылы «кәсіби қызметтер» түрінде шығарып отырған, бірақ бұл қызметтер көрсетілмеген”- деп мәлімдеді ҚМА.
Пирамидаға 1,5 мыңнан астам адам тартылған, олардың салымы 6,8 млрд теңгені құрайды.
Ұйымдастырушы қамауда. Тергеу жалғасып жатыр.