$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп: «Маған бәрібір, украиналықтар қаласа, соғыса берсін»

Трамп: «Маған бәрібір, украиналықтар қаласа, соғыса берсін»

Украина Трамптың бейбіт жоспарымен толық келіспейді. Қиын таңдау алдында қалдық, - дейді Зеленский. Трамп болса, маған бәрібір, қаласаңдар, соғыса беріңдер, - деп жауап қатқан. Дегенмен, қос тарап Швейцарияда келіссөз жүргізіп жатыр. Ал, Израиль бейбіт палестиналықтарға қарсы озбырлығын тоқтатар емес. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

"Трамп бізді аса қиын таңдаудың алдында қалдырды". Зеленский Украина халқына ашық мұңын айтты. Себебі, жаңа бейбіт жоспарда қауіпсіздік кепілдемесі жоқ, әскер санын шектеуі керек. Мемлекет басшысы, бұған келісе алмайтынын жеткізді.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің, Украина халқымыздың алдында үлкен таңдау тұр. Ар-ұятымыздан айырылып, бүкіл шарттарға келісеміз немесе басты одақтасымыздан айырыламыз. Украина соғысты тоқтатуды қалайды. Дегенмен, бірнеше жыл қауіпсіздік кепілдемесі туралы айтып келе жатырмыз. Енді бұл талаптан бізді бас тартуға мәжбүрлеп жатыр.

"Маған десеңдер, соғыса беріңдер". Зеленскийдің сөзіне Трамп осылай деп жауап берді. Журналистердің өткір сұрақтарына қарамастан АҚШ Президенті міз бағатын емес.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің жоспарымыз бар. Оны Украинаға таныстырдық.   Қаласа, соғысты жалғастыра берсін. 

Әйтсе де, Украина бейбіт жоспардан толық бас тартқан жоқ. Бірден өзінің шағымдарын жіберді. Қазір, Швейцарияда АҚШ пен Украина өкілдері келіссөз жүргізіп жатыр.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Өткен аптадан бері келіссөздеріміз ілгеріледі. Президенттеріміз жеке талқылап, бекіте берсе де болады. Бастысы, Ресей позициясына да түсіністікпен қарап отырмыз. Украинамен келіссек болды, Ресей қарсылық көрсете қоймайды.

Израиль бейбіт келісімге қарамастан Газа секторына озбырлығын қоятын емес. Демалыс күндері тұрғын үйлерге әуе соққысын жасаған. Нәтижесінде 14 адам қаза тапты.