Жамбыл облысында биыл 795 өрт оқиғасы тіркелген. Атырау облысында 268 жағдайдың 145-і тұрғын үйлерде болған. Бұл сандар қауіпсіздік мәселесін күшейтудің маңызын арттырып отыр. "AMANAT" партиясының «Қауіпсіз қала» атты кең ауқымды акциясы аясында "Жастар рухы" жастар қанатының белсенділері өңірлерде тілсіз жаудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атырау облысында биыл тіркелген 268 өрттің жартысына жуығы тұрғын үй секторында болған. Зардап шеккендер бар. Осыған байланысты төтеншеліктер, еріктілер мен жылыту жүйесіне жауапты мамандар мыңға жуық үйді аралап, тұрғындарға пешті дұрыс пайдалану, электр жүйесін қауіпсіз қолдану сияқты маңызды кеңестер берді.
БАҒДАТ АБДУЛЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Рейдтік шараға депатарамент тарапынан 70 қызметкер жұмылдырылып отыр. Түске дейінгі ауылдағы 11 көшені алып отырмыз. 11 көшені есептеп қарағанда, мыңың үстінде бүгін үй қамтылатын болады.
Жамбылда да жылыту маусымы басталғалы өрт фактісі көбейіп, жарақат алғандар саны екі есе артқан. Мобильді топтар күн сайын рейдке шығып, пеш, мұржа, желдету жүйелерінің жай-күйін тексеруде. 600-ге жуық үйді аралап, үш мыңға тарта дабыл қаққыш қондырғысын орнатты. Рейд кезінде кейбір үйлерде мұржаның тазаланбауы, пештің жарылуы және желдету жүйесінің болмауы сияқты кемшіліктер анықталды.
ПЕРИЗАТ СЕЙСЕНБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Кез келген тұрғын қауіпсіздікке қарау керек. Датчикті орнатқаны дұрыс болды. Өзіміз енді түнде кез келген адам сезбейді ғой. Түнде енді қорықпай қауіпсіз бала-шағамызбен жатамыз енді, шиқылдаса оянып.
Ал Қостанайда белсенді жастар полицейлермен бірге көлік жүргізушілеріне жол ережелерін сақтау бойынша ақпараттық парақшалар таратты.
АРУЖАН СӘРСЕНБАЕВА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
"Заң мен Тәртіп" қағидаты бойынша «Қауіпсіз қала» акциясы өткізіліп жатыр. Бұл акция 2023 жылы біздің Президентіміз «Заң мен Тәртіп» туралы айтқаннан бастап еліміз бойынша ұйымдастырылып келеді.Әр өңірде заң бұзушылықтарды болдырмау үшін жастар полициямен бірлесіп осындай акциялар жүргізіліп жатыр.
Рейдтер барысында жиналған материалдар мен мониторинг нәтижелері тиісті органдарға жолданады.