$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Енді рейс кешіксе тұрғындарға өтемақы төленеді

24.11.2025ж. 19:00
Енді рейс кешіксе тұрғындарға өтемақы төленеді

Енді кешігіп ұшқан ұшақ үшін әуе компаниясы өтемақы төлеуі тиіс. Бұл бастаманы депутаттар көтерген. Бұдан былай сіз мінетін рейс уақытында әуеге көтерілмесе әр сағаты үшін мың теңге қайтарады. Бірақ, бұл, әзірге соңғы шешім емес. Өйткені халық қалаулылары бұл құнның тым аз екенін айтып, тағы көтеруді көздеп отыр. 5 сағаттан көп күттірсе билет бағасын толық қайтаруды қолға аламыз дейді. Мұны тұрғындар қалай қабылдап жатыр? «Өзекті» айдарында Аружан Задабек тарқатады.

Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыстамаңыз.

Әуе рейсінің кешігуі қалыпты жағдайға айналды. Екі-ұш сағат кідіруі былай тұрсын, тәуліктеп шегерілетін кез болады. Қазір оған ешкім таңданбайды да, таңдайларын қағып, «қап» дегеннен басқа шара жоқ өйткені. Мұндай кезде «кешіріңіздер» деп суы мен дәмін ұсынғаны болмаса, өтемақы төлейтіні кемде-кем. Депутаттар қыстың қамын жазда ойлайық деп іске кірісіпті. Алдымыз қыс дегендей. Ауа райы қалыпты болғанның өзінде кешігетін ұшақ, ертең боран соқса қалай болады? Қазір азаматтық авиация жолаушыларды сақтандыру жүйесін енгізіп жатыр. Әзірге жоба сынақ режимінде. Оның өзінде беретін теңгесі әр сағатқа мың теңге екен. Депутаттар мұны көбейту керек деп бас көтеріп отыр. Тұрғындардың да тілегі – осы.

БЛИЦ:

- Мың теңге деген аз.

- Былай дұрыс. Тек өтемақы 10 мыңнан төмен болмауы керек.

- Билет құнының жартысын қайтарсын!

Кешігетін ұшақ қана емес. Соңғы жылдары пойыздар да әбігерге салып бітті. Сағаттап күтетін жұрт сеніміміз жоғалды деп жыларман. Бірақ жоғарыдағы норма тек әуе компанияларына арналған. Теміржолдың тұтынушылары «бізге де осындай шара қолдансызшы» деп әлеуметтік желіде бас көтеріп жатыр.

БЛИЦ:

- ҚТЖ пойыздары үнемі кешігіп жүреді. Оларға осындай талап қою керек!

- ЖД қосу керек. Керемет болар еді.

Билеттер туралы жалғастырайық. Бірер күннен кейін желтоқсанға қадам басамыз. Алдағы айларда мереке де, демалыс та көп. Одан бөлек, оқушылар тоқсанды тәмамдаса, студенттер сессиядан құтылып, ауылдарына асығады. Мұндай кездегі басты мәселе – билет. Табылмайтынын былай қойғанда, бағасын көріп басың ауырады. Былай айтқанда, алыпсатарлар үшін қолайлы кезең. Үсті үстіне аямай теңгесін қосып, әдеттегі құнынан 3-4 есе артық алады. Амалы жоқ халық не істейді? Амалсыз алады. Жауаптылар мұны тыю керек, жедел әрекетке көшіңдер деп жылда тапсырма береді. Бірақ мәселе реттелер емес.

БЛИЦ:

- Пойыздың билеті қымбаттаса да бәрібір Алматыға билет таппаймыз.

- Ақшасы қымбаттаған соң ішінде жағдай жасалуы керек қой.

- Онсыз да пойыздың билеттері самолеттің билеттерінен қымбат. Кей бағыттарға, тіпті. Енді пойызбен жүруді де қоятын шығармыз.

Құрметті көрермен, бүгінге осы. Келесі кездескенше.