$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Биліктің жоғары эшелонындағы кадрлық ауыс-түйіс.

AstanaTV
16.12.2017ж. 20:00
1667
Биліктің жоғары эшелонындағы кадрлық ауыс-түйіс.

Мемлекет Басшысының жарлығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Ол Асқар Мырзахметовтің орнына келді. 53-тегі Шөкеев «Самұрық-Қазына» –ны 2011 жылдан басқаратын. Ал апта басында болған кадрлық өзгерістер туралы бірер сөз. Кімнің қандай қызметке барғанын қайтадан санамалап жатқымыз жоқ. Тоқталғым келетін деталь – Бас прокурор Жақып Асановтың Жоғарғы Сот төрағасы болғаны.

Ж.Асанов «22 жыл дегенде біз прокуратураның кеңестік миссиясы мен стратегиясын өзгерттік», деген. Белгілі адвокат Джохар Өтебеков ақпарат құралдарына берген комментарийінде Асановтың Жоғарғы сот төрағасы болғанына елеңдеп қалғанын айтыпты. Былай дейді: «Мысалы, халықтың соттарға сенімі жоқ, сот жүйесінде коррупция бар, Асанов Бас прокурор болғанда біраз өзгерістер енгізді, сол сияқты сот жүйесіне жақсы өзгерістер әкеледі, деп үміттенемін». Прокуратураның кеңестік келбетін өзгертетін заң жобасын Парламентке апарғанда Ж.Асановтың өзі былай деген:

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры: /қараша, 2017ж.

Қылмыстық іс бар ғой, соның қожайыны деп санаймыз өзімізді. Сосын жаңағы қылмыстық іске тартып жатқан адамның тағдыры менің қолымда деп кеудемізді ұрамыз. Бұл Кеңес одағынан келе жатқан көзқарас, қанымызға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет. Мен оны мойындаймын. 86 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеймін. Осы ауруды қалай емдейміз?

Әрине, жүйені өзгерту жалғыз адамның қолынан келмейді. Бірақ жетекшінің ниеті, білімі мен білігі және мінезі жетіп, сот сияқты аса маңызды жүйеде сақталуы міндетті шарттар сақтала бастаса, өте жақсы болар еді. Судьяның шешіміне тараптардың бәрі қол соқпайды. Әйтсе де әділ екенін барлық тарап іштей болса да, мойындауы керек. Негізі, «үшінші ел» болып қалмаудың алғышарты мен үшін, осы... Айтпақшы, ОҚО-ғы Жантақсай ауылының үйлерін рәсімдей алмай, басқа да қиыншылық көрген тұрғындары ... «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дейтіндей – пісіріп те, қуырып та жейтін «жұмыртқа» емес. Олар адам, біздің мемлекеттің азаматтары!