$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Шетелге жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен 55 қазақстандық елге қайтарылды

AstanaTV
25.11.2025ж. 19:00
Шетелге жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен 55 қазақстандық елге қайтарылды

Шетелге жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен. Сыртқы істер министрлігі  қиындыққа тап болған 55 азаматты елге қайтарды. Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азияда қазақстандықтарды жалған уәдемен алдап, еңбек және сексуалдық құлдыққа салу жағдайы  жиі кездеседі. Ресми ақпарат бойынша, қазір 150 мың қазақстандық шетелде жұмыс істейді. Олар маусымдық еңбекке және шетелдік компаниялардың арнайы шақыртулары арқылы барған.  

Интернетте жарияланған жалған бос жұмыс орындары мен өтірік жоғары жалақы уәделеріне сеніп, шетелге жұмыс іздеп  баратындар көп.

Соның салдарынан қиын жағдайға тап болып, дипломатиялық өкілдіктерден көмек сұрайды. 3 жылда 55  қазақстандық еңбек қанаушылығынан, жыныстық құлдықтан, кибер алаяқтықтан және еркінен тыс бас бостандығын шектеуден зардап шеккен.

АЙБЕК СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

55 адам Мьянма, Камбоджа және Лаоста, негізінен шекаралас аймақтарда зардап шеккен. Олардың Қазақстанның қай өңірлерінен шетелге атанғаны туралы деректер жоқ. Барлық зардап шеккендер босатылып, Қазақстанға қайтарылды.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы 140 521 қазақстандық, ал биыл 156 мыңға жуық азамат шетелге жұмысқа кеткен. Жекелей жіктесек.

Шетелге кеткен қазақстандықтардың арасында әртүрлі маман иелері бар. Солардың бірі – Уәлихан. Ол-театр актері, бірақ, қазір Англияда құрылыс саласында еңбек етуде.

УӘЛИХАН УМИРОВ, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:

6 айлық жұмыспен келгенбіз. Кейін осы жақтың жұмысы, табысы  ұнаған кейін қаламыз деп шештік. 1,5 жылдан бері жұмыс жасаймын. Жұмыс условиясы өте жақсы. Бір жұмыстың өзімен айына 2 млн ақша табамын.

Оңтүстік Кореяда да  Уәлихан сияқты заңсыз жұмыс істеп жүргендер көп.  Сондықтан қазір екі ел арасында еңбек миграциясын реттеуге бағытталған келіссөздер жүріп жатыр.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Е-9 еңбек визасын алу үшін, ЕPES жүйесіне кіру үшін біз міндетті түрде олардың талаптарын орындауымыз қажет. Олардың талаптарымен Еңбек министрлігі жұмыс жасап жатыр. Олар Кореяға баратын азаматтарды базалық корей тілін білуге, тиісті мамандықтарды игеруге шақырды. Енді Кореяда заңсыз жүрген азаматтарды қайтару керек.

Елімізде шетелден  жұмыс ұсынатын компания жетеді.  Бірақ оның бәрі сенімді емес. Сарапшылар азаматтарға тек ресми келісімшартпен, мемлекет рұқсат берген компаниялар арқылы шығуға кеңес береді.