$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ашық есік күні өтті

Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ашық есік күні өтті

Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартып, инклюзивті қоғам құру – мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Осы мақсатта Астанада ерекше жандар үшін ашық есік күні өтті. Қала әкімдігі мен прокуратура бірлесіп, мүгедектерге «қамқорлықпен заңды құқықтарын» түсіндіруге тырысты. Жоба аясында түрлі мемлекеттік орган өкілдері азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Жұмыс беруші компаниялар ерекше жандардың икемі келетін вакансиялар ұсынды.  Жүріп-тұра алмайтын азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Мамандар олардың үйіне барып, кеңес берді. Тақырыпты толығырақ тілшіміз Айсауле Съезбек тарқатып айтады.  

Жақсылық Үсенов жастайынан жетім қалған. Туабітті мүгедектігі де бар. Бұған дейін шетелде мемлекеттік квотамен бірнеше күрделі операциядан өткен. Биыл ағылшын-түрік тілі аудармашысы мамандығын меңгеріп шыққан  жас жігіт баспаналы болуды армандайды.

ЖАҚСЫЛЫҚ ҮСЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

2014 жылдан бері баспана кезегінде тұрмыз. Атам да екінші топтағы мүгедек. Бүгінгі акция аясында кезектің жылжуына қатысты сұрақтарымызды қойдық. Қандай мемлекеттік бағдарламалармен құжат жинау керегін білдік. Мемлекет тарапынан атама уақытша жатақханадан бөлме берген. Сонда әлеуметтік қызметкерлер аптасына бірнеше күн келіп, жан-жақты қарайласады. Тіпті тамағына дейін пісіріп береді. Соңғы 10 жылда әлеуметтік осал топ өкілдеріне қолдау көбейіп келеді. Цифрландыру да біраз мәселені онлайн шешуге септігін тигізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясаты бекітілген. Тұжырымдама даму ерекшеліктеріне қарамастан әр адамның әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыруды көздейді. Бүгінгі ашық алаңның мақсаты да – осы. Елордада тұратын 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамды әлеуметтік-құқықтық қолдау. 

АРАЙЛЫМ ОРАЗОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:

Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, өзекті мәселелерін анықтап, оларға нақты көмек көрсету көзделіп отыр. Бұл тек формалді жұмыс емес. Қоғамдағы әрбір адамның тағдырын жанашырлықпен қарап, шынайы қамқорлық танытудың жарқын көрінісі. + Нақты вакансиялар ұсынылады. 4 жұмыс беруші қатысады. Әр саладағы тігінші болсын, әр мүгедектің өзінің жағдайына, мүгедектігіне байланысты жұмыс берушілер отырады. Өйткені мүгедектігі бар адамдардың көбінесе сұрақтары жұмыс табу тарапынан болып жатыр. 

«Қамқорлық пен Заң» жобасы аясында мамандар жүре алмайтын азаматтарды да ұмыт қалдырмады. Психологтар мен заңгерлер үйлеріне арнайы барып, тегін кеңес берген. Аталмыш шара жыл соңына дейін жалғасады.