$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарағанды футбол клубы жеке меншікке өтті

25.11.2025ж. 17:14
Қарағанды футбол клубы жеке меншікке өтті
Фото: shakhter.kz

Қарағандының «Шахтер» футбол клубы аукцион нәтижесінде ресми түрде жекешелендірілді, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл қадам өңірде бұқаралық футболды дамытуға және жаңа спорттық экожүйе қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды трансформацияның бастауы болды. 

Қарағандының «Шахтер» клубын қазақстандық кәсіпкерге тиесілі ірі бизнес-топтың құрамына кіретін компания сатып алды. Сауда ашық аукцион форматында өтті. Жекешелендіру процесі заңнама талаптарына толық сай жүргізілді: клуб мүлкі алдын ала жан-жақты бағаланып, енді сауда нәтижелері бойынша сатып алу-сату келісімшарты рәсімделмек.

Клуб үшін жаңа кезең басталды — инфрақұрылымды жаңғырту, басқару моделін күшейту және футбол экожүйесін кешенді дамыту. Өңір әкімі Freedom Holding Corp. тобының компаниясымен бірлесіп облыста жаңа футболдық жүйе қалыптастырып жатыр. Инфрақұрылым мен жас таланттарды қолдауға 18,5 млрд теңге бағыттау жоспарланған: оның 12 млрд теңгесі — футбол академиясын салуға, 6,5 млрд теңгесі — балалар, жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға жұмсалады.

Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының президенті қолдауымен бірнеше бастама іске асып жатыр:

  • ALGA! мектеп жобасы — 2029 жылға дейін 40 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 3 600 студентті қамтиды;
  • ресми BFL балалар-жасөспірімдер лигасы;
  • жаңа «Шахтер» футбол академиясын салу;
  • өңірлік футболды дамытудың кешенді стратегиясы.

Бұл бастамалардың өзегі балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту, заманауи инфрақұрылым құру және әлеуметтік бағдарламалар енгізу.

Болашақ футбол академиясы шамамен 10 гектар аумақта орналасады. Жобаға заманауи стадион, жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық манеж, толық өлшемді алаң, екі қабатты әкімшілік-тұрмыстық корпус, медициналық орталық, бассейн, сауна, асхана және жатақхана кіреді. Барлық нысан жылы өткелдермен біріктіріледі. Жанынан воркаут-аймақ, жаттығу алаңдары, бульвар және автотұрақ салынады. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Кадрлық әлеуетке де ерекше көңіл бөлінбек: жаттықтырушылар үшін біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленеді, оның ішінде халықаралық тағылымдамалар мен UEFA лицензияларын алу мүмкіндігі қарастырылады. Спорттық инфрақұрылым тек ірі қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де дамытылады.

Еске салсақ, бұған дейін «Ақтөбе» футбол клубының жаңа иесі туралы нақты ақпарат жарияланған еді: клуб бірнеше ай ішінде толық рәсімделетін құжаттардан кейін жергілікті жанкүйер әрі кәсіпкердің меншігіне өтеді.