$467.29 €501.03 ₽5.35
×

Төрт адамның ажал құшуына газ құрылғыларының дұрыс орнатылмауы себеп деген болжам бар

AstanaTV
11.12.2017ж. 20:00
2898
Төрт адамның ажал құшуына газ құрылғыларының дұрыс орнатылмауы себеп деген болжам бар

Төрт адамның бірдей ажал құшуына газ құрылғыларының дұрыс орнатылмауы себеп болған. Шымкенттегі оқыс оқиғаға қатысты осындай болжам жасалып отыр. Шаһардағы пәтерлердің бірінен 56 жастағы әйел мен үш баланың мәйіті табылған еді. Мамандардың сөзінше, газ колонкасындағы "жанған ауаны сыртқа айдайтын" құрылғыда ақау болған. Айзада Төребекқызы тарқатады 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Марқұмдардың туыстары төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, үш тәуліктен бері олардың не есікті ашпай, не ұялы телефонға жауап бермей жатқанына алаңдапты. Көмек сұраған тұрғындардың өтініші бойынша мамандар жолға шыққан. 

Полицейлердің қатысуымен есікті бұзып ашқан заматта пәтердің ішінде төрт мәйіттің жатқанын көрген. 

Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы:

Бір азаматша 1961 жылы туылған, қыз бала, 2010 жылғы, және де 2006 және 2007 жылы туылған жасөспірімдер. Қазіргі таңда Шымкент қаласы Әл-фараби ІІБ мамандары сот алдындағы тергеу және де сот-медициналық сараптама жұмыстарын жүргізуде. 

Сарапшылардың болжамына сай, марқұмдардың көз жұмғанына үш тәуліктен асқан болуы мүмкін. Көршілер бұл пәтердің жалға берілетінін айтты. Қоныстанушылар жиі ауысып тұрады екен. Қайғылы қазаға ұшыраған отбасы бұл оқиғадан бірнеше күн бұрын  ғана көшіп келген көрінеді.

Валентина Файрошуна, көршісі:

Жаңа көршілермен өткен жұмада ғана сөйлескенмін. Бұған дейін оқыс жағдай болмаған еді, шамасы шомылған кезде желдеткішті ашпаған ау деп ойлаймын. 

Мамандардың болжамына сай, пәтердегі суды ысытатын газ қондырғысын мұржаға жалғау барысында өрескел кемшілікке жол берілген. Қарапайым қауіпсіздік шаралары сақталғанда, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді, деп отыр.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Газ колонкадан шыққан жанған ауаны тартатын  труба темір қаңылтырдан жасалып, ол дуалда орналасқан вентканалға сығымдасып бекітілген болатын болса, бұл жағдайда, шынын айтқан кезде, ол темір қаңылтырдың орнына гофрдан жасалған кәдімгі шлангы қойылған. Сәйкесінше вентканалға, дымоходқа қарай сұғылған жерінде изоляция жоқ, плотность жоқ. Қатты бекітілмеген.

Сәкен Исмаилов, «Қазтрансгазаймақ» АҚ ОҚОФ директорының бірінші орынбасары: 

Адамдарың бәрі бірден қайтыс болып кеткеніне қарағанда, ол бөлмеде улы газ бөлменің ішінде болған. Сырттан келіп түсетін ауа жоқ, терезе толығымен қымталып тасталған. Заң талабына сай әр тұтынушы өзінің газ қондырғыларын және дымоходтарын  қысқы мерзімге дайындау жұмыстарына өздері  жауапты. Өздері қадағалап отыруы керек. Сол дұрыс дайындалмаған жағдай бұл жерде. 

Қазір бұл іске қатысты тиісті тексеру жұмыстары басталды. Айта кетейік, қайғылы жәйтке байланысты пәтер қожайыны да жауапқа тартылуы әбден мүмкін.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, жыл басынан бері аймақта көмір қышқыл газынан улану жағдайымен 27 дерек  тіркелген. Салдарынан 52 адам зардап шегіп, 16-сы қайтыс болған.