Дәрігерге қол көтергендер қатаң жазаланады. 3 жылдан 12 жылға дейін сотталады, немесе кем дегенде 2 млн теңге айыппұл төлейді. Мәжіліс медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдататын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді ақ халаттыларға тіл тигізудің өзі қылмыс саналады. Тақырыпты әріптесім, Ақбота Базарбай тарқатады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Бүгін Мәжілісте дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін қорғауға арналған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл жай техникалық құжат емес. Бұл соңғы жылдары бірінен соң бірі қайталанып тұрған қылмыстардың, қоғамның үнсіз ашуының, медицина жүйесіндегі ең осал жердің нақты көрінісінен туған шешім. Өйткені дәрігерге қол көтеру енді тек бұзақылық емес, адам өміріне жасалған тікелей қауіп деп бағаланбақ.
Қазақстанда соңғы бес жылда ресми түрде 280 медицина қызметкері соққыға жығылған. Бұл - тек тіркелгені ғана. Депутаттар шынайы статистика 10 есе көп болуы мүмкін екенін айтады. Себебі дәрігерлердің көбі арыз жазбайды. Қорқады, жұмысынан қалғысы келмейді, сенбейді.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жедел жәрдемге қарсылық көрсету бұл жай ғана төбелес емес. Мас бұзақы жедел жәрдем жүргізушісін ұрған кезде, ол оны ғана ұрып жатқан жоқ. Ол көрші көшеде тынысы тоқтап жатқан, дене қызуы көтеріліп, сол жәрдемді күтіп жатқан кішкентай баланы ұрды. Ол инсульт немесе инфаркт алған, енді сол жедел жәрдем жете алмайтын әжені ұрды. Бір бұзақының кесірінен жедел жәрдемнің бір бригадасы, көлігі істен шығып қалады. Сондықтан осы жәрдемнің науқастарға жету уақыты ұзарды. Ал инфаркт пен инсульт кезінде есеп сағатпен емес, минутпен өлшенетінін жақсы білеміз. Сондықтан бұл өмір мен өлім мәселесі.
Алматы мен Астанада жедел жәрдемге бейнетіркегіш тағылғаннан кейін келеңсіз оқиғалар 90%-ға азайған. 600 медицина мекемесінде дабыл нүктелері орнатылған. 150 қабылдау бөлімінде тұрақты полиция бекеті тұр. Бірақ мамандар: «Бұл жеткіліксіз» дейді. Қорғаныс тетігі бар, ал жауапкершілік әлі де әлсіз. Соңғы бес жылда Қазақстаннан 2 жарым мың дәрігер шетелге кеткен. Елде 9 мыңға жуық медицина маманы жетіспейді.
ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Түрлі оқиғалардың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігімен бірге жоспар жасадық. Сол жоспардың аясында қабылдау бөлмелерінде 150-ге жуық полиция бекетін аштық. Сонымен қатар стаицонарларда камералар орнатып жатырмыз. Камералар полицияның Жедел басқару орталығына қосылған. Мұнан бөлек, 600 медицина ұйымның әрбір қабылдау бөлмесіне дабыл нүктелерін орнатқан едік.
Мәжіліс Қылмыстық кодекске жаңа бапты енгізуді ұсынып отыр. Бұл бап дәрігерді, медбикені, жедел жәрдем жүргізушісін қызметтік тұлға ретінде қорғайды. Бірақ науқастардың ашуын тудыратын факторларды да назардан тыс қалдыруға болмайды дейді депутаттар.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазақстандағы жедел жәрдем көліктерінің 70 пайызы тозып кеткен. Барларының да жағдайын білетін шығарсыздар. Осыны реттеуге құлықты министрлік көріп отырған жоқпыз әлі. Бірақ заң шығарып жатырмыз. Ертең сол тозған машинамен барған дәрігер мемлекеттік тілде сөйлей алмай тұрса немесе өлейін деп тұрған адамға "сен порталда тіркелмегенсің" деп есігін тарс жауып алса, адам ашуланғаннан кейін неше түрін айтады ғой.
Мәжіліс бүгін құрылыс кодексін де екінші оқылымда мақұлдады. Құжатта әлеуметтік нысандарды жаңарту, тозығы жеткен үйлерді қайта салу және көліктік жоспарлауды интеграциялау мәселелері қамтылған. Ал ең бастысы - құрылыс сапасына жауап беретін әр субъектінің міндеті нақты айқындалып отыр.